Тараптар жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру саласында және әскери-қолданбалы спорт түрлерін насихаттауда ынтымақтастық орнатып, өзара іс-қимыл жасауға келісті
фрто:ҚазАқпарат
ERNUR.KZ. Шымкент қаласының әкімдігі Ғабидолла Әбдірахымов Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевпен және республикалық «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қоғамдық қозғалысының төрағасы, генерал-майор Мұхамеджан Таласовпен меморандумға қол қойды, деп жазады ҚазАқпарат.
Меморандум аясында тараптар жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру саласында және әскери-қолданбалы спорт түрлерін насихаттауда ынтымақтастық орнатып, өзара іс-қимыл жасауға келісті. Сонымен қатар, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру мәселелері бойынша бірлескен жылдық іс-шаралар жоспарын әзірлеу, жастарды әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеуге уағдаласты. Сондай-ақ, маңызды құжат арқылы әскери қызметтің беделін арттыруға және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің имиджін ілгерілетуге бағытталған бірлескен іс-шаралар өткізетін болды.
Одан бөлек, кадет сыныптарын және әскери-патриоттық клубтарды ашуда мүдделі органдармен, республикалық, өңірлік жастар ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасалады. Әскери-патриоттық үйірмелердің, кадет сыныптарының, сондай-ақ білім мекемелерінде, оқушылар сарайында, демалыс лагерьлерінде, спорт лагерьлерінде өзге де жастар ұйымдарының жұмысы бойынша бірлесіп шаралар ұйымдастырады.