Жетi жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
көрнекілік үшін сурет: turkystan.kz
Шымкент қаласында қалыңдықты ұрлау бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Шымкент қаласының прокуратурасы баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биылғы жылдың 16 қаңтарында Шымкент қаласы полициясының кезекші бөліміне азаматша М.А. қызын үйлену мақсатында белгісіз ер азаматтың ұрлап кеткені туралы көрсеткен.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодекснің 125-бабы 2-бөлігінің 1) тармағының негізінде (адамды ұрлау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, нәтижесінде Маңғыстау облысының «Г» есімді тұрғыны ұсталып, екі айға қамауға алынды.
Тергеп-тексеру барысында барлық мән-жайлар анықталатын болады.
Мұндай қылмысты жасағаны үшін кінәлілердің мүлкі тәркіленіп, оларға қатысты жетi жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес басқа ақпарат жария етуге жатпайды.
Іс қала прокуратурасының ерекше бақылауында.
Неке алдау мен зорлық-зомбылықтан басталмауы керек – Шымкент қаласының прокуратурасы әйелдер құқығын қорғауда нақты ұстанымдарды қолдайды. Қалыңдықты некеге тұру үшін ұрлау бұл өткеннің жәдігері.
Қызды алып қашқан жігіттер ауыр жазаға тартылатынын түсіне бермейді.
Қазіргі уақытта қызды ұрлау тәжірибесі жойылуда, оның үстіне бұл адам құқықтары мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіреді.
Қоғамда мұндай әрекеттер - әйелді қорлау, зорлық-зомбылық көрсетуге жатады.