Заңға сәйкес, мектеп формасы қара-көк түсте болуы тиіс.
фото: astana_akshamy.kz
ERNUR.KZ. Әр ата-ана баласына мектеп формасын қалаған жерден алады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Атап айтсақ, жалпы орта білім беру мектептеріне арналған міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар ҚР білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығымен бекітілген. Бұл туралы Шымкент қалалық білім бөлімінің оқу-тәрбие бөлімінің бас маманы Жанар Алтаева мәлімдеме жасады.
«Білім заңында білім беру ұйымында белгіленген киім формасын сақтау міндеттелген. Сондай-ақ, өз кезегінде ата-аналар мектеп формасын тігетін кәсіпорынды немесе оқушы киімдерін сататын сауда желісін өз еркімен таңдай алады. Бірақ киімдер үлгі мен түске сай келуі керек», - дейді Шымкент қалалық білім бөлімінің оқу-тәрбие бөлімінің бас маманы Жанар Алтаева.
«Білім заңындағы» талаптарға сәйкес мектеп формасы қара-көк түсте, классикалық стильде болуы қажет.
Ұлдардың мектеп формасы: пиджак, жилет, шалбар, мерекелік жейде, күнделікті жейде (қысқы мезгілде: трикотаж жилет, водолазка). Ұлдарға арналған шалбарлар еркін тігілген, ұзындағы бойынша тобықты жауып тұруы керек. Кемінде жейде, жилет пен шалбар талап етіледі.
Қыздардың мектеп формасы: пиджак, жилет, юбка, шалбар, классикалық жейде (қысқы уақытта: трикотаж жилет, сарафан, водолазка) . Қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады, юбка ұзындығы тізеден 5см-ден жоғары емес болуы керек.
Сонымен қатар, заң бойынша мектеп формасына түрлі діни конфессияға қатысты киім элементтерін қосуға болмайтынғын да атап өтті бас маман.
фото: bilim-all.kz
«Қазіргі таңда әлеуметтік жағдайларға байланысты мектеп формасының орташа бағасы – 14-15 мың теңгені құрап отыр. Осыған байланысты тұрмыстық жағдайы төмен отбасыларға қарастырылған акциялар да бар», - дейді Жанар Алтаева.
Айта кетейік, мектеп формасының үлгісін анықтау құқығы мектеп педагогтары мен ата-аналар еншісіне беріледі. Сондай-ақ, мектеп кеңесі аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балаларын мектеп формасымен «Мектепке жол» акциясы аясында және жаппай оқу қоры есебінен тегін қамтамасыз ететіні жайлы хабарлаған болатынбыз.