Мемлекеттік бағдарлама аясында Шымкентте 2 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетілді

0
466

Әкімнің айтуынша, қаладағы кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасына 13,3 млрд.теңге қарастырылған.


Мемлекеттік бағдарлама аясында Шымкентте 2 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетілді

Шымкент қаласында мемлекеттік бағдарлама аясында 2 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіпкерлерге көрсетіліп жатқан қолдау туралы да айтты.

Әкімнің айтуынша, қаладағы кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасына 13,3 млрд.теңге қарастырылған. Бүгінде 4,1 млрд. теңгеге 1 830 жобаға қолдау көрсетілген.

Ал, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 74 жобаға 1,1 млрд. теңгеге қолдау көрсетілді. Жергілікті «Іскер қала» бағдарламасы шеңберінде 944 млн.теңге бағытталып, бүгінде 183,4 млн.теңгеге 19 жоба қаржыландырылды.

Сонымен бірге, кәсіпкерлердің жеңілдетілген несиеге қолжеткізуі үшін«Shymkent–Atameken» микроқаржы ұйымы арқылы кәсіпкерлерге 25 млн. теңгеге дейін 6 пайыздық несие беріледі. Жыл басынан бері 86 жоба қолдау тапқан.

«Бизнеске арналған үкімет – Shymkent Invest» бірыңғай орталығында 24 мыңнан астам кәсіпкерге бизнес-жоспарды әзірлеуден бастап, жобаны пайдалануға беруге дейінгі құжаттарға байланысты қолдау көрсетілуде.

Әлеуметтік салада басты мақсаттардың бірі – халықты тұрақты жұмыспен қамту арқылы әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтардың санын азайту екенін айтқан Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов халықты жұмыспен қамту шараларына 57 мыңнан астам адамды қатыстыру жоспарланып отырғанын жеткізді. Осы жылы 5 айда 22 мыңнан астам адам қамтылды. Жобаны қаржыландыру үшін бюджеттен 7,2 млрд.теңге қарастырылған. «Тең қоғам» орталығында 1900 мүмкіндігі шектеулі азаматтарға құқықтық және психологиялық көмек көрсетілді. Мүгедектігі бар азаматтарды қолдау үшін бюджеттен – 4,5 млрд. теңге қаржы қарастырылды. «Бақытты жанұя» орталығында 7062 көпбалалы аналарға әлеуметтік қолдау көрсетілді.