Шаһар басшысының арнайы жолдаған алғыс хатын Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Абдрахманов табыс етті.
Шымкент қаласында Қасиетті Рамазан айында түрлі деңгейдегі қайырымдылық шараларын ұйымдастырған бірқатар азаматтарға қала әкімі Мұрат Әйтеновтің атынан Алғыс хат табысталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шаһар басшысының арнайы жолдаған Алғыс хатын Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Абдрахманов табыс етіп, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен «Шымкент – қайырымды қала» жобасы аясында аянбай қызмет етуге шақырды.
Алғыс хатқа «Зекет және қайырымдылық» қорының Шымкент қаласындағы өкілі Айбек Азимбаев және Алжан Садиев, Ержігіт Досымбаев, Нығмет Айдаров, Ерхан Әбіш т.б кәсіпкер азаматтар ие болды.
Айта кетейік, қасиетті Рамазан айында қаладағы 32 мешіт тарапынан 42 255 адамға «Ауызашар себеті» үлестірілсе, кәсіпкерлер мен мешіт жамағаты тарапынан 32 500 мұқтаж отбасыға азық-түлік (ұн, май, шәй, күріш, қант, тұз, ет және макарон өнімдері, тәттілер, құрма, картоп, пияз, сәбіз, т.б) салынған «Рамазан қоржыны» таратылып, жеткізілді. Жалпы қасиетті айда 74 755 мұқтаж отбасыға көмек берілді.