Шымкентте наркодиспансерге түскен азаматты бөлім меңгерушісі сабап тастаған
фото:NUR.KZ
ERNUR.KZ. Шымкентте наркодиспансерге түскен азаматты бөлім меңгерушісі сабап тастаған. Осы соққыдан соң науқас көкбауырынан айырылған, деп жазады NUR.KZ.
Любовь Тюрина ұлы Игорь Радушевтың наркологиялық аурухананың бөлім меңгерушісінен таяқ жегенін айтады. Бұл емдеу орнында ол есірткіге тәуелділіктен ем алып жатқан.
"Бөлім меңгерушісі біреу үшін кереуетімді босатып беруім керек екендігін айтты. Маған "еденге жат немесе өзің орын тап" деді. Мен келіспедім", - дейді Радушев.
Оның айтуынша, төсек орнынан бас тартпай, санитарлармен салғыласып тұрғанында палатаға кіріп келген бөлім меңгерушісі Радушевке дөрекілік көрсеткен көрінеді.
"Бөлім меңгерушісі көзіме, арқама, еңкейе бергенде қабырғама соққы жұмсады. Бүктелдім де қалдым. Қатты ауырсындым", -дейді Игорь Радушев.
Болған жәйттен соң диспансерге науқастың туыстары жеткен. Анасының жедел жәрдем шақыру туралы өтінішіне дииспансер дәрігерлері қарсылық білдіріпті.
"Дәрігерлер өзіміз қарап шығамыз деді. Ұлымның жағдайының нашарлап бара жатқанына қарап, сіңлім полицейлерді шақыртты. Олар жедел жәрдем шақыртуға мәжбүрледі", - дейді анасы Любовь Тюрина.
Ал жедел жәрдем дәрігерлері Игорьді қалалық ауруханаға жеткізіп, шұғыл ота жасауға кіріскен.
"Қалалық аурухана дәрігерлеріне рахмет. Ұлымды құтқарып қалды. Бірақ көкбауырынан айырылды", - дейді өкініш білдірген анасы Любовь.
Бұл оқиғаға қатысты облыстық наркологиялық ауруханадағылардың өз айтары бар.
Бас дәрігердің міндетін атқарушының сөзіне қарағанда бөлім меңгерушісі емес Игорь Радушевты пациенттер сабап тастаған көрінеді.
"Қызметтік тексеру кезінде барлығынан түсінік алдық. Аурухана қызметкерлері, бөлім меңгерушісі, тіпті науқастардан да. Бөлім меңгерушісі өз кінәсін толық теріске шығарып отыр. Одан басқа мәлімдеме жасауға кешіріңіздер біздің құзыретіміз жоқ. Біз полиция емеспіз. Біз қызметтік тексеру актісіне сүйенеміз", - деді облыстық наркологиялық аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Болат Медетов.
Айта кетейік, қазір осы іске қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр.