Шатыр ұшты: Шымкентте болған қатты желден 12 жасар бала зардап шекті

0
489

Желдің салдарынан 6 автокөлік зақымдалған.


Шатыр ұшты: Шымкентте болған қатты желден 12 жасар бала зардап шекті

Шымкентте қатты жел болып бірнеше ғимараттың шатыры ұшып кеткен, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Шымкентте орын алған желдің нақты жылдамдығы секундына 26 метрге жетті. Желдің салдарынан қала бойынша 3 коммерциялық объектілердің, 5 көпқабатты тұрғын үйдің, 2 білім беру объектінің шатырлары ұшып, автокөліктердің, ғимараттардың үстіне құлаған. Жалпы желдің салдарынан 2009 жылы туылған бала зардап шеккен, ғимараттардың 3223 шаршы метр шатыры құлаған, 6 автокөлік зақымдалған.

Қаратау ауданы Нұрсат шағынауданында, Қызыл су, Исфиджаб, Өтеміс, Сайрам, Шапырашты тұрғын алаптарында электрқуаты сөнген. Авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын Қайнарбұлақ, Сайрам аудандық электростанцияның мамандары жұмыс атқарып, аталған мекенжайларға электрқуаты қайта қосылған.
Барлық оқиға орындарында Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамында 24 адам, 7 техника, «КазТрансГаз» АҚ Шымкент филиалының 3 қызметкері, 1 техникасы, «Оңтүстік Жарық транзит» ЖШС-ның 3 қызметкері, 1 техникасы, «Су ресурстар маркетинг» ЖШС-ның 70 қызметкері,10 техникасы жұмыс атқарған.
Орын алған жағдай бойынша жедел штаб құрылып, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылғанын және Департаменттің жеке құрамы дайындыққа келтіріліп күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылғанын хабарлады Шымкент қаласы ТЖД баспасөз қызметі.