ШЫМКЕНТ: 42 500 теңгеге зәру көпбалалы аналар, мүгедектер мен жетім-жесірлер зар жылауда

0
716

42 500 теңгеге қолы жетпеген көпбалалы аналар, мүгедектер мен жетім-жесірлер "Нұр-Отан" партиясының алдында жиналды.


ШЫМКЕНТ: 42 500 теңгеге зәру көпбалалы аналар, мүгедектер мен жетім-жесірлер зар жылауда

Шымкентте 42 500 теңгеге қолы жетпеген көпбалалы аналар, мүгедектер мен жетім-жесірлер "Нұр-Отан" партиясының алдында жиналды, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Партия филиалының алдына жиналып, жанайқайын айтқан тұрғындардың бірі- Шымкент қаласының тұрғыны Айгүл Байысбаева.

42 500 теңгеге қолы жетпей қалған жалғызбасты әйел адам азық-түлікті қарызға алып жүргенін айтып, егіле жылады.

"Кеше көршілерім тамақ берді, біреу – картобын, біреуі – майын. Сонымен күн көріп жүрмін. Қарызым 12 мыңнан асып кетті, оны бере алмай отырмын. 42 мыңға өтініш бергенмін, берілмейді деген жауап келді", - дейді ол.

Айгүл Байысбаева мүгедек баласымен жалдамалы пәтерде тұрады. Оған қоса төтенше жағдай кезіндегі әлеуметтік көмектен де қағылыпты. Ал әкімдік көмек сұрап келгендерді партияға сілтеп жатқан көрінеді, мұқтаж жандардың ары-бері сандалғандарына 10 күн болған. Нұротандықтар болса әлеуметтік көмекке қатысты шаруалардың аудандық әкімдіктердің мойнында екенін айтады.

"Бізге келетін 20-30 адамның жартысынан көбі 42500 сұрайды. Оған "Нұр Отан" партиясының ешқандай қатысы жоқ. Егер де аудан әкімдіктерінің қызметкерлері "Нұр Отанға" жіберіп отырса, олар өз міндеттерін басқа біреуге жүктегісі келіп отыр. Жалпы, бұл дұрыс емес. Біз бұл мәселені қала әкімінің алдында да айттық. Бұл мәселеге мұқият қарау керек", - дейді "Нұр Отан" партиясы Шымкент қалалық филиалының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов.