ШЫМКЕНТ: А-2 автомобиль жолының 2-кезеңі жақында аяқталады

0
611

Нысанды пайдалануға беру 15 шілдеге жоспарлануда.


ШЫМКЕНТ: А-2 автомобиль жолының 2-кезеңі жақында аяқталады

Бүгінде Тәшкен - Алматы бағытында қаланы айналып өтетін негізгі магистралды А-2 автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

31 шақырым жолды жаңарту жұмыстары 8 кезең бойынша атқарылады. Қазір 1-ші және 3-ші кезеңінің құрылыс жұмыстары және Бадам өзенінен өтетін көпірдің құрылысы аяқталды.

Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов жауаптылармен бірге Ынтымақ шағынауданына баратын жол қиылысынан Темірлан тас жолына дейінгі аралықты құрайтын нысанның 2-ші кезеңінің құрылыс барысын қадағалады. Жоба бойынша ені 30 метр, 4 жолақты жолдың екі жағында ирригациялық жүйе мен жасыл аймақ, тратуар, жарық шамдар орнату қарастырылған. Қазір сақиналы жолдың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Нысанды пайдалануға беру 15 шілдеге жоспарлануда.
Сонымен қатар, А-2 айналма жолында Алаш базары маңында жер асты жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы жүргізілуде. Нысанды пайдалануға беру 1 қыркүйекке жоспарланып отыр.
7-ші кезең Бозарық айналма жолынан Самара-Алматы тас жолына дейінгі аралықты қамтиды. Нысанның жалпы ұзындығы - 1,8 шақырым, ені - 40 метр. Нысанда қазір инженерлік желілердің орындары ауыстырылуда.
Нысанның 8-ші кезеңі Бәйдібек би даңғылынан Шымсити шағын ауданына дейінгі аралықты қамтиды. Жоспарға сәйкес, жалпы ұзындығы 1,8 шақырым автомобиль жолының ені 40 метр, 6 жолақты. Құрылыс нысанында бригадалар инженерлік желілердің орнын ауыстыру, жол негіздерін салу, суағар құбырларын тарту жұмыстарын жүргізуде. Жоспарға сәйкес нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға құрылыс жұмыстарын сапалы, өндірістік кестеге сай жүргізуді тапсырды.

Айта кетейік, биыл Шымкент қаласында жалпы ұзындығы 201,7 шақырымды құрайтын 253 көше орташа жөндеуден өтеді. Олардың 21-і магистралды көшелер. Сонымен қатар жыл соңына дейін 140,6 шақырым жолда құрылыс және қайта құру жұмыстары жүргізіледі. Осылайша қаладағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 71,2 пайызға жеткізу жоспарлануда.
Қаладағы көлік кептелісін азайту мақсатында ірі құрылыс жобалары жүзеге асырылуда. Биыл Д.Қонаев даңғылы жалғасының 2-ші және 5-ші кезеңдері, А-2 айналма жолының 2-ші және 4-ші кезеңдері, Өтегенов көшесінің жалғасы, Адырбеков көшесін қайта құру және Бәйдібек би-Арғынбеков көшелері қиылысындағы жолайрық құрылысы аяқталады.
Жалпы, бүгінде мегаполис аумағына кіретін жолдардың ұзындығы 3 247,6 шақырымды құрайды. Оның ішінде 2 066,1 шақырымы асфальттелген, қалғаны шағал тас төселген жолдар.
Қаланың кешенді даму жоспарына сәйкес, 2023-2025 жылдар аралығында 441,2 шақырымды құрайтын 466 көшеге асфальт төсеу жұмыстары жүргізілетін болады.