Шымкент әкімі «Shymkent City» аумағындағы нысандарды салуға ешқандай кедергі болмайтынын айтты

0
1 801

Үшінші мегаполистің солтүстік аймағындағы бұл құрылысты оңтүстіккореялық компания жүргізеді.


Шымкент әкімі «Shymkent City» аумағындағы нысандарды салуға ешқандай кедергі болмайтынын айтты

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов Highvill Kazakhstan инвестициялық-құрылыс компаниясының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қала басшысымен кездесуде «Shymkent City» аумағында тұрғын үй нысандарын салатын компания өкілдері осынау құрылысқа қатысты жоспарларымен бөлісіп, туындаған кейбір мәселелерін ашып айтты. Сондай-ақ, оңтүстіккореялық компания басшылары Қазақстандағы үшінші мегаполиске озық тәжірибе енгізуге мүмкіндік беретін алаң ретінде қарайтындарын жеткізді.

Ал, қала әкімі Ерлан Айтаханов шетелдік инвесторларға тұрғын үй құрылысын жүргізуде ешқандай кедергінің болмайтынын айтып, Highvill компаниясының бастамаларына оң бағасын берді. Сонымен қатар әкім тұрғын үйдің сапасынан бөлек, оның сейсмикалық жағдайға да төзімді болуын ескеру қажет екенін атап өтті.

Айта кетейік, «Shymkent City» – мегаполистің солтүстік аймағында орналасқан, 12 орамнан тұратын шағынаудан. Онда тұрғын үй мен бизнес орталықтарынан бөлек, сауда орындары, емхана, ойын-сауық орталығы, гүлзар мен демалыс аймағы болады деп жоспарланған.