ШЫМКЕНТ: Былтыр қалаға 582 миллиард теңге инвестиция тартылған

0
1 455

Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов, өз есебінде өткен жылы шаһарға тартылған инвестиция көлемі көбейіп, жалпы ішкі өнім де 7,6 пайызға артқанын айтты.


ШЫМКЕНТ: Былтыр қалаға 582 миллиард теңге инвестиция тартылған

иллюстрияциялық фото: ашық дереккөз

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов өткен жылды қорытындылап, халық алдында есеп берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

«Түркістан» сарайында болған есепті кездесуге жергілікті тұрғындармен қатар, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев пен ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы Е.Егемберді қатысты.

Қаланың экономикалық және әлеуметтік салаларында атқарылған жұмыстарға тоқталған ол 2018-ші жылы негізгі әлеуметтік-экономикалық даму индикаторларына толық қол жеткізілгенін атап өтті.

«Жалпы өңірлік өнім 7,6 пайызға өсіп,1,3 трлн. теңгені құрады. Ал, өнеркәсіп өнімінің көлемі 4,5 пайызға өсіп, 476,7 млрд. теңгені құрады. 2018 жылы индустрияландыру бойынша құны 592 млрд. теңгені құрайтын 10 жоба іске қосылып, мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылды. Бұдан бөлек, шағын және орта бизнесте 58 мыңнан астам субъекті белсенді жұмыс істесе, онда 142 мың адам жұмыспен қамтылған. Олармен өндірілген өнім көлемі 524 млрд.теңгеге жетті»,-деп айтты Ғ.Әбдірахымов.

Сондай-ақ, әкім өз баяндамасында, инвестиция көлемі 260 пайызға өсіп,582 млрд. теңгені құрағанын, бұл көрсеткіш бойынша Шымкент республикада бірінші орында екенін жеткізді.