Шымкент: Д.Қонаев пен Т.Рысқұлов көшелері жабылады

0
2 807

Жолайрық құрылысының ІІ кезеңі басталуына байланысты 20-қаңтардан бастап Д.Қонаев пен Т.Рысқұлов көшелері жабылады.


Шымкент:  Д.Қонаев пен Т.Рысқұлов көшелері  жабылады

Т. Рысқұлов – Д. Қонаев көшелерінің қиылысындағы жолайрық құрылысының ІІ кезеңі басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Махсұт Исахов мәлімдеді.

- Жолайрық құрылысы ІІІ кезеңнен тұрады. І кезеңі өткен жылдың 15 қазанында басталып, 10-қаңтарда аяқталды. Құрылыс жұмыстарының ІІ-кезеңі қаңтар айының 20-да басталады. Бұл кезеңде жол жабынын бұзу, инженерлік желілердің орнын ауыстыру, жер қазу, тіреу қабырғаларын бетондау, жол өткелінің құрылысы, және жол жамылғысын салу жұмыстары атқарылатын болады. Осы жылы 16 желтоқсанға дейін құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтап, жолайрықта көлік қозғалысын ұйымдастыру жоспарлануда, - деді Мақсұт Пернебайұлы.

Құрылыс жұмыстарының ІІ кезеңде Д.Қонаев даңғылы мен Т.Рысқұлов көшелері жабылады.

- 20 қаңтардан бастап Д.Қонаев даңғылы (Роял клубы тұсынан Т.Рысқұлов көшесіне дейін) және Бәйдібек би даңғылы Т. Рысқұлов көшесінен М.Дулати көшесіне дейін) толығымен жабылады. Көлік ағынын, М.Дулати, Қазыбек би, Байырқұм, А.Байтұрсынов көшелеріне бағыттап, көлік қозғалысы ұйымдастырылады. Бозарық елді мекенінен қалаға қарай бағытта Бәйдібек би, Байырқұм, М.Дулати көшелерімен, қаладан Бозарыққа қарай бағытта Қазыбек би, Т. Рысқұлов, Т.Бәйтереков, Е.Жәнібеков және М.Дулати көшелерімен жүруге болады, - деді Мақсұт Исахов.

Д. Қонаев даңғылының батыс жағындағы үйлер мен ғимараттарға көлік қозғалысы А.Байтұрсынов және С.Жандосов көшелерінен ұйымдастырылады.

Д.Қонаев көшесі арқылы №152 және №135 автобус маршруттары қатынап, жолаушыларға тасымалдау қызметін көрсетуде. Д.Қонаев көшесінің жабылуына байланысты, аталған маршруттардың қозғалыс сызбалары Д.Қонаев, С.Жандосов, А.Байтұрсынов, Т.Рысқұлов көшелері арқылы өзгереді.

Сөз соңында қала әкімінің орынбасары, құрылыс жұмыстарының жүргізілуіне байланысты, уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұрайтынын айтты. Қала тұрғындарының түсіністікпен қарауларын өтінді.