Нәтижесін қорытындылай келе, орталық қызметкерлерінің біліктілігі 90 пайызды құрады.
Шымкент қаласындағы «ikomek» орталығының мамандары біліктілігін арттыру сынағынан өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Шымкент қаласының ситуациялық «iKomek» орталығы қала тұрғындарының шағымдары мен өтініштері бойынша қызмет көрсетіп келеді. 109 нөміріне хабарласқан тұрғындардың мәселесін тыңдап, көрсетілетін қызметтердің жедел әрі сапалы шешілуіне ықпал жасау ситуациялық «iKomek» мамандарының тікелей функциясы.
Қызмет сапасын жақсарту мақсатында «iKomek» орталығының мамандары мен инспекторлары білімін жетілдіру тестінен өтті. Тест парақшаларында жиі қойылатын сұрақтарға қатысты қалай іс-әрекет жасау, денсаулық, әлеуметтік мәселелер мен қоғамдық көлік, қалалық инфрақұрылым жүйелері бойынша және өзге де тақырыптардағы 28 сұрақ қамтылған.
Операторлар қазақ және орыс тілдерінің грамматикасы, жылдам теру мен тұрғындармен ситуациялық диалог құру тапсырмалары бойынша да сынақтан өтті.
Нәтижесін қорытындылай келе, орталық қызметкерлерінің біліктілігі 90 пайызды құрады. Бұл орталық мамандарының қала тұрғындары мен қонақтарына беретін жауаптарының дұрыстығын, әрі жылдам әрекет етуін, ақпаратты жетік білуінің куәсі.