Бүгін Шымкент қаласы әкімінің аппараттық мәжілісінде халық денсаулығын жақсартуға қатысты бірқатар мәселелер қаралды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ә.Төлебаев жергілікті тұрғындарды медициналық ұйымдарға тіркеу, инфекциялық ауруларды алдын алу мен індетке қарсы іс-шараларды жүргізу жұмыстарын баяндады. Қала әкімі тиісті басқарма басшысына емханаларға тіркелуді талаптарға сай реттеп, заңсыздықтарға жол бермеу қажеттігін ескертті.
Еске сала кетсек, ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 13 қарашадағы № ҚР ДСМ-194/2020 бұйрығы аясында, бекітілген жеке тұлғаларды медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарына бекіту қағидаларына сәйкес, тұратын аумағы шегінде емхананы еркін таңдау мақсатында жүргізіледі.
Ол үшін, тұратын мекен-жайға ең жақын орналасқан емханаға келіп еркін түрде жазылған өтініш пен жеке басын куәландыратын құжатты беру қажет.
Дәрігер тіркелген пациенттердің денсаулығын бақылай алуы үшін тұрғылықты жеріне тікелей жақын емхананы таңдау ұсынылады.
Сондай-ақ тіркелу науқаны Денсаулық сақтау субъектілерінің дерекқорында тіркелген және ТМККК және МӘМС бойынша Медициналық қызметтер көрсетуге үміткер медициналық ұйымдар арасында ғана жүргізіледі.