Аталған шара «Жұлдызды 30 күн» жобасы аясында өткізілді.
ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Жұлдызды 30 күн» жобасы аясында Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен қала жастары әлем чемпиондарымен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Кездесудің мақсаты - қоғамның қозғаушы күші жастардың қазақ тариxында есімдері алтын әріппен жазылған кейіпкерлермен кездесуі күнгейде әлі талай толағайдың шаршы алаңнан табылып, чемпиондардың танылуына жол ашу. Бос уақытын тиімді пайдаланып, спортқа деген құлшыныс-құрметін еселеу. Сонымен қатар мүмкіндіктерін қалт жібермеуге күш-жігерлерін арттыру.
Кездесу қонақтары каратэден халықаралық Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Дархан Асәділов, пауэрлифтингтен Қазақстан Республикасына Еңбегі сіңген спорт шебері, Әлем Чемпионатының 7 дүркін жеңімпазы Ксения Хан, кикбоксингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әлем Чемпионатының 2 дүркін жеңімпазы Фазлиддин Сафаров.
Аталған кездесуге белгілі спортшылармен қатар, қаламыздың жоғары және орта арнаулы оқу орындарының жастары қатысты. Сонымен қатар игі шараға жергілікті БАҚ өкілдері де арнайы шақырылды.
Жиында жас толқын төрткүл дүние көз тіккен айтулы байрақты бәсекелерде жеңістің төрін бағындырып, елдің көк туын көкте желбіреткен жандарға сауалдарын бүкпесіз жолдады.