Қалалық ҚХА төрағасы айқындалған бес басымдық аясында қала аумағында жүйелі әрі үйлесімді жұмыс жүргізуді тиісті құрылымдарға жүктеді.
Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының ІV сессиясы «Татулық пен бірлік – табысты мемлекет болудың басты кепілі» тақырыбымен өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қала әкімі, қалалық ҚХА төрағасы Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен жиынға ассамблея мүшелері, мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының жетекшілері, салалық басқармалардың басшылары, аудан әкімдері, қоғамдық кеңес мүшелері, зиялы қауым, діни конфессиялардың, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен ЖОО ректорлары қатысты.
Болашағын қазақ елімен байланыстырған этнос өкілдерінің ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүргеніне тоқталған қала әкімі ассамблея жүктелген мақсат-міндетті лайықты атқарып келе жатқанын айтты. Президент тапсырмаларын іске асыру жайын баяндады.
– Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясы «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» тақырыбында өтті. Ассамблея Төрағасы Қ.К.Тоқаевтың жетекшілігімен өткен алқалы жиында алда атқарар жұмыс бағыттары нақтыланып, мемлекеттік органдар мен салалық құрылымдарға тиісті міндеттер жүктелді. Бүгінгі сессияда біз берілген тапсырмаларды қала аумағында іске асыруды пысықтап, атқарылар жұмыс жайын бағамдаймыз, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Жиында қалалық корей этномәдени бірлестігі, қалалық түрік этномәдени бірлестігі, «AQNIET» ақпараттық-насихаттау және оңалту орталығының» өкілдері ұсыныс-пікірлерін айтты.
Сессияны қорытындылаған қалалық ҚХА төрағасы айқындалған бес басымдық аясында қала аумағында жүйелі әрі үйлесімді жұмыс жүргізуді тиісті құрылымдарға жүктеді.
– Президент: «Халқымыз бірліктің және тыныштықтың қадірін біледі. Бұл – небір қиын-қыстау заманды өткерген, қазақ жерінен пана тапқан барша этностар үшін де қымбат құндылықтар», деді. Бұл тұрғыда шымкенттіктер ырысты ынтымақ жолын жалғауға лайықты үлес қосады деген сенімдемін. Біздің арман-ниетіміз – Шымкентті тұрғындар үшін өмір сүруге қолайлы қалаға айналдыру. Көздеген мақсат-межеге жету жолында баршаңызды қаламыздың береке-бірлігін бағалай білуге, жұмыла жұмыс істеуге шақырамын, – деді Мұрат Әйтенов.
Айта кетейік, бүгінде қалалық ҚХА жанында 17 этномәдени бірлестік пен 7 құрылым қоғамдық негізде әрекет етеді. Жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясат аясында жұмыс істейтін белсенділердің әлеуеті – қоғамдық келісімді сақтау мен қазақстандық патриотизмді дәріптеу бағытындағы жобаларға жұмылдырылған.