Шымкент қалалық жедел жәрдем көрсету станциясы жаңа автокөліктермен толықты

0
700

Арнайы техникаларды «Астана моторс» компаниясы сыйға тартқан.


Шымкент қалалық жедел жәрдем көрсету станциясы жаңа автокөліктермен толықты

Шымкент қалалық жедел жәрдем көрсету станциясы екі жаңа автокөлікпен толықты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Арнайы техникаларды «Астана моторс» компаниясы сыйға тартқан. Көліктерді БАҚ өкілдеріне қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов таныстырды.

Су жаңа көліктер 2021 жылдың соңында құрастырылған. Барлық заманауи және халықаралық стандарттарға сай. Науқастарға шұғыл көмек көрсететін медициналық құралдармен жабдықталған. Электрокардиограф, өкпені жасанды тыныстандыру сынды құрылғылары да бар. Бүгін мемлекеттік тіркеу нөмірі алынған соң кешке дейін көліктер желіге қосылып, халыққа қызмет көрсетуге шығады, – деді Бақытжан Позилов.
Басқарма басшысының айтуынша, бүгінгі таңда қалада 100 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеуде. Жаңа көліктермен енді олардың саны 102-ге жетіп отыр. Қаңтар айындағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қалалық жедел жәрдем қызметінің 7 көлігіне зақым келген еді. Олар сол күні кешке немесе келесі күні жөнделіп, желіге қайтадан шықты, дейді мамандар.

Айта кетейік, 103 станциясы толығымен цифрлы жүйеге қосылған. Жедел жәрдем қоңырауларының барлығы біріктірілген автоматты жүйе арқылы қабылданады. Әр қоңырау тікелей жүйеге қосылады. Сол арқылы шақырту түскен жерге ең жақын бригада жіберіліп, оларға науқас жайлы толық ақпарат беріледі. Мұнан бөлек, шақыртуға баратын көліктерде GPS-навигаторы орнатылған.