Шымкент қаласының 2200 жылдығына орай 2200 ағаш көшеті егіледі

0
1 152

Бұл жоба Түркияның «Ұлттық ағаш отырғызу күніне» орай ұйымдастырылды.


Шымкент қаласының 2200 жылдығына орай 2200 ағаш көшеті егіледі

А.Асқаров атындағы дендросаябақта шынар ағашының көшеттері отырғызылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл жоба Түркияның «Ұлттық ағаш отырғызу күніне» орай ұйымдастырылды. Акцияға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов және Түркияның Алматыдағы Бас консулы Али Риза Акынжы, TİKA-ның Қазақстандағы өкілі Ислам Исмаил арнайы қатысты.

Али Риза Акынжы осы іс-шараның Шымкент қаласында ұйымдастырылғанына алғысын білдіріп, екі ел арасындағы ынтымақтастық одан әрі қарай өркендей беруіне тілектестігін жеткізді.
– Екі елдің достастығының нығаюына қосқан үлесіңіз үшін алғыс айтамын. Ынтымақтастығымыз арта берсін, – деді Түркия консулы.

Қала әкімі Шымкент қаласында жылына миллионға жуық ағаш көшеттері егілетінін айтты. Бауырлас елдегі атаулы күн біздің елде көрініс тапқанын қуанышпен жеткізді.

– Ежелден жалғасқан бауырластық дипломатия, экономика, спорт, өнер секілді барлық салада да жалғасын табуда. Түрік еліндегі«Ұлттық ағаш егу» дәстүрі біздің елде көрініс тапқанына өте қуаныштымыз. Аталарымыз «жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді» деген екен. Бүгінгііс-шара түрік елінің бізге деген ілтипаты деп білемін. Түркиялық кәсіпкерлерді «Ескі қалашыққа» туризмді дамыту бойынша инвестиция салуды ұсынамын. Бүгінгі отырғызған ағаштар екі елдің барлық саласындағы ынтымағының нышанына айналсын,– деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Осы акция аясында Шымкент қаласының 2200 жылдығына орай 2200 түп ағаш көшеті отырғызылады.