Бүгінде Шымкент қаласында 444 адвокат жұмыс істейді.
Шымкентте кей санаттағы адамдарға адвокаттар тегін қызмет көрсетеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ
Бұл туралы Шымкент қалалық Әділет департаменті басшысының орынбасары Айнұр Исабекова брифинг барысында мәлімдеді.
Бүгінде Шымкент қаласында 444 адвокат, 1 033 заң кеңесшісі, 285 нотариус, 147 сот орындаушысы жұмыс істейді. Сот орындаушыларының тоғызы мемлекеттік болса, 138-сі – жеке сот орындаушысы. Кей санаттағы азаматтар сол адвокаттардан тегін көмек ала алады. Ақысыз құқықтық қызметтер кешенді әлеуметтік заң көмегі түрінде немесе мемлекет кепілдік берген заң көмегі аясында көрсетілуі мүмкін.
– Кешенді әлеуметтік заң көмегі ерікті түрде, өтеусіз заң көмегін көрсету шартына сәйкес, «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» ҚР Заңына сәйкес өмірлік қиын жағдайдағы адамдарға, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, ҰОС қатысушыларына және оларға теңестірілген адамдарға, І және ІІ топ мүгедектеріне, жасына байланысты зейнеткерлерге, қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы типтегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын қарттар мен мүгедектерге көрсетілуі мүмкін, – деді Айнұр Исабекова.
Кешенді әлеуметтік заң көмегін адвокаттар және тиісті палаталарға мүше заң кеңесшілері ұсына алады. Ал мемлекет кепілдік берген заң көмегін адвокаттар әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлғаларға, күдіктілерге, айыпталушыларға, сотталушыларға, сотталғандарға, ақталғандарға, жәбірленушілерге көрсетеді. Сонымен қатар, ақысыз адвокаттық қызметінің осы түрі алимент өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, ақтау, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға да көрсетіледі.