Жаңа ереже бойынша әр тоқсанда қоғамдық кеңестің төрағалары ауысып отырады.
Шымкент қаласы қоғамдық кеңесінің үшінші шақырылымының алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қоғамдық кеңес құрамын қалыптастырушы жұмысшы тобының төрағасы Ә.Әлішев қалалық мәслихат шешімімен кеңес құрамы бекітілгенін жария етті. Осылайша жұмысшы тобы өзінің міндетін аяқтады.
Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Б. Нарымбетов қоғамдық кеңесті "Халықтың үні", "Елдің көңіл-күйінің барометрі" деп атап, кеңестің алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Жаңа ереже бойынша әр тоқсанда қоғамдық кеңестің төрағалары ауысып отырады. Алғашқы төраға болып мемлекет және қоғам қайраткері, қоғамдық кеңес мүшесі Ш.Мырзахметов сайланды.
Сондай-ақ, кеңес отырысында түрлі сала бойынша тұрақты 5 комиссияның төрағалары көпшілік дауыспен анықталды. Алдағы уақытта кеңес құрамынан тұрақты комиссияға мүше азаматтар белгілі болады.