Шымкент: «Мәдени астана» эстафетасы Душанбеге табысталды

0
990

Салтанатты шарада Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мерекелі жылды қорытындылап, «ТМД-ның мәдени астанасы» эстафетасын Душанбе қаласының төрағасы Рустами Эмомалиға табыстады.


Шымкент: «Мәдени астана» эстафетасы Душанбеге табысталды

«Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы 2020» жылының салтанатты жабылу рәсімі онлайн форматта «Цитадель» тарихи-мәдени кешенінде өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Салтанатты шарада Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов мерекелі жылды қорытындылап, «ТМД-ның мәдени астанасы» эстафетасын Душанбе қаласының төрағасы Рустами Эмомалиға табыстады.
– Шымкент – 2200 жылдық тарихы бар көне шаһар. Қаламыздың ТМД елдерінің мәдени астанасы атануы біз үшін үлкен мәртебе. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен шуақты Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілуі абыройымызды асырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ел қуатын арттырудағы Шымкент қаласының айрықша маңызына көңіл бөлуде. Біздің қаламыз бүгінде бүкіл Азияның өнері мен мәдени мұрасы тоғысқан ірі орталыққа айналып отыр. Ежелгі кезеңдерден Шымкент тұрғындарының бойында ерекше қасиет қалыптасты. Бұл – іскерлік, қонақжайлылық және өзгеріске деген бейімділік. Мәдени астана шеңберінде қаламызда 1700-ден астам жаңашыл онлайн форматтағы жоба жүзеге асты. Туған қаламыздың мәртебесін арттырған осы іс-шараларды өткізуге көмекші болған барлық отандастарымызға алғысымызды білдіреміз. Достық эстафетасын бауырлас ел Тәжікстанның астанасы Душанбеге жолдаймыз, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.

Шаһар басшысы құттықтау сөзінде қазақ халқының ұлттық дәстүрінің ізімен эстафета керуенін 2200 жылдық тарихы бар Шымкенттен тарту-таралғымен шығарып салғалы отырғанын айтты. Яғни, «Достық сыйы» топтамасы Шымкент тарихынан сыр шертетін 2 200 дана кітаптан, қаламыздың символына айналған 2 200 түп қызғалдақ тұқымынан, қала тұрғындарының жүрекжарды игі тілектері жазылған 2 200 дана тұмардан құралған. Бұл символдық керуен Жібек жолымен Душанбе қаласына жол тартады.
Жабылу рәсімінде ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы – Атқарушы хатшы Сергей Лебедев, Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қоры Басқарма Төрағасы, Әзірбайжан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Полад Бюльбюльоглы қала тұрғындары мен қонақтарына ізгі тілегін жеткізді.
Достық эстафетасы Тәжікстан Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Баходур Назир мырзаға табысталды.
«Мәдени астана жылының» жабылуы аясында 6 театр, 5 кітапхана, цирк, зообақ, Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы, Мәдениет үйі және басқа да мәдениет мекемелерінің шығармашылық ұжымдарының күшімен 48 спектакль, 99 онлайн іс-шара, 7 жылжымалы театр перфоманстары, 5 музыкалық перфоманстар, ақындар, жазушылар, әдеби қайраткерлер бейнесіндегі ұзын бойлы қуыршақтар шеруі ұйымдастырылды. Шымкент қаласының жас суретшілерінің көрмесі мен ғимараттардың қасбеттерінде 7 муралдың тұсаукесері ұйымдастырылды.
Айта кетейік, «Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы 2020» жылының салтанатты жабылу рәсімі «Ońtústik TV» және YouTube-та «Bridge TV» арналарында тікелей эфирде көрсетілді.