​Шымкент мектептерінде ата-аналардан ақша жиналмайтын болды

0
1 691

9 адамнан құрылған қамқоршылық кеңесі мектеп өміріндегі барлық іс-шараларды бақылайды.


​Шымкент мектептерінде ата-аналардан ақша жиналмайтын болды

ERNUR.KZ. Шымкенттің мектептерінде енді ата-аналардан ақша жиналмайтын болды. Астана мен Алматы қалаларында жүйеге қойылған «Қамқоршылық кеңесі» бұдан былай Шымкентте де өз жұмысын бастайды. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Майраш Тайкенова қатысқан дөңгелек үстелде белгілі болды, деп жазады ҚазАқпарат.

Ұстаздардың басын қосқан жиынға Шымкент қалалық білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы Жанат Тәжиева, қалалық мәслихат депутаттары мен орта мектептердің директорлары, ата-аналар және бірқатар мектептерде өз жұмысын бастап үлгерген қамқоршылық кеңес мүшелері қатысты. Басқосуда сөз алған Жанат Тәжиева қамқоршылық кеңестің жұмыстары Шымкенттің барлық 140 мектебінде ашылғанын атап өтті.

«9 адамнан құрылған қамқоршылық кеңесі мектеп өміріндегі барлық іс-шараларды бақылайды. Тіпті, мектеп директорын да сайлайды. Мектеп директоры әр жарты жылдықта қамқоршылық кеңеске есеп береді. Қамқоршылық кеңес мүшелері директордың жұмысына қанағаттанбаған жағдайда оның жұмысын тоқтатуға құқылы»,- деді қалалық білім саласындағы бақылау департаментінің басшысы. Жиында сонымен қатар әр мектепте ата-аналардан ақша жинау тоқтатылып, қамқоршылық кеңес сол білім ошағының жеке есеп-шотын ашатыны айтылды. Сол арқылы демеуші тартып, одан түскен қаражат оқушылардың қажеттілігіне жұмсалмақ. Демеуші тарапынан аударылған қаражат көлемі және оның қайда, қалай жұмсалғанын әрбір ата-ана білуге құқылы. Бұл - ата-аналардан ақша жинауды түбегейлі болдырмауды көздейтін жоба,- дейді мамандар.

Сондықтан білім саласының жауапты қызметкерлері ата-аналарды осы бағытта жұмыла жұмыс істеуге шақырды.