ШЫМКЕНТ: мүгедектігі бар азаматтарға жайлы орта қалыптастыру жайы талқыланды

0
120


ШЫМКЕНТ: мүгедектігі бар азаматтарға жайлы орта қалыптастыру жайы талқыланды

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалында «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында «Мүгедектігі бар балаларды оңалту, жалпы білім беру, шығармашылық және спорттық бағыттарындағы проблемалық мәселелері» тақырыбында отырыс өтті.

Жиынға партия филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, Сенат жанындағы Инклюзия кеңесінің сарапшысы Нұргүл Ұлжекова, қалалық денсаулық сақтау, білім, жұмыспен қамту, дене шынықтыру және спорт басқармаларының басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, мүгедектігі бар азаматтар мен ата-аналар қатысты.

Отырыста мүгедектігі бар азаматтарға жайлы орта қалыптастыру, олардың қоғамнан оқшаулануына жол бермеу үшін кешенді шараларды жүзеге асыру жолдары талқыланды. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Утебаева мүгедектігі бар азаматтардың қоғамда өзін еркін сезінуі үшін мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, қалада 41,406 мүгедектігі бар азамат бар, оның 7,965-і 18 жасқа дейінгі балалар. Оларға жайлы орта қалыптастыру үшін бюджеттен 11,5 миллиард теңге қаралып, 6,4 миллиард теңгесі игерілген.
Алайда, жиын қатысушылары мүгедектігі бар азаматтарға тиісті деңгейде жағдай жасалмай отырғанын атап өтті. Нұргүл Ұлжекова мүгедек азаматтар қоғамда көптеген кедергілерге тап болып жатқаны жөнінде арыз-шағымдар түсіп жатқанын айтты. Атап айтқанда, оңалту орталықтарының және мүгедек жандарға арналған спорт кешендерінің жетіспеушілігі туралы сөз қозғады.
Тақырыпқа қатысты әрбір мәселені терең талқылаған азаматтар аталған проблемаларды жұмыла отырып шешу қажеттігін айтты.
Айта кетейік, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында мүгедектігі бар азаматтарға арналған 2 «Оңалту орталығын» салу жоспарланған. Сондай-ақ, әлеуметтік нысанның пандустарын талаптарға сай етуді бақылау қолға алынған. Бұл жұмыстардың тиісті деңгейде атқарылып жатқаны назарға алынған.
Бөлісу