ШЫМКЕНТ: Наурыз мерекесінде жаппай серуен болмайды

0
2 704

Бүгінге дейін жоспардағы мерекелік іс-шаралардың 50-ге жуығы өткізілді.


ШЫМКЕНТ: Наурыз мерекесінде жаппай серуен болмайды

Фото: Серік Қосаев

Шымкентте эпидемиологиялық талаптарға сай 21-22-23 күндері Наурыз мерекесі жаппай халықтық серуендеумен атап өтілмейді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің ақпараттық-коммуникация орталығында қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан және қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Ханзада Есенованың қатысуымен өткен баспасөз брифингінде айтылды.
Спикерлер Ұлыстың ұлы күнін атап өту бойынша Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсеновтың идеясымен «Наурыз Шымкенттен басталады» мега жобасы қолға алынғанын, сол бойынша он күн бойы өтетін іс-шаралар жоспары жасалғанын атап өтті. Бүгінге дейін жоспардағы мерекелік іс-шаралардың 50-ге жуығы өткізілді. Енді эпидемиологиялық талаптарға сай 21-22-23 күндері Наурыз мерекесі жаппай халықтық серуендеумен атап өтілмейді.
- Шымкент «жасыл» аймақта тұрғанымен, эпидемиологиялық ахуал тұрақты емес. Осыған орай қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлының тапсырмасымен және санитарлық жағдайға байланысты жоспарланған мерекелік іс-шаралар барлық сақтық талаптарын сақтай отырып, телевизиялық форматта өтеді деп отырмыз. Концерттер мен мерекелік жиындар ПТС-пен түсіріліп, жергілікті телеарналар эфирінен көрсетіледі, - деді қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан.
Ханзада Есенқызы бұған дейін кең форматта өтеді деп жоспарланған бірқатар іс-шаралардың өткен күндердегі ауа райына байланысты залдарға ауыстырылғанын, енді алдағы күндері телевизиялық форматта өтетінін жеткізді. Дегенмен, Шымкенттегі «Оңтүстік-Цирктің» бағдарламасы күшейтіліп, «Домалақ ана» көрсетілімі 26 наурызға дейін созылғанын айтты.