Оқу кешенінде 210 бала тәрбие мен білім алатын болады.
Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты Сайрам көмекші мектеп-интернаты бұдан былай «Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі арнайы кешені» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұрынғы мектеп-интернаттың орнына типтік үлгідегі жаңа ғимарат салынуда. Бүгінде ғимарат құрылысы 95 пайызға аяқталып отыр. Оқу кешенінде 210 бала тәрбие мен білім алатын болады. Жобаға сәйкес оқу кешені жатақханамен, оқу ғимаратымен, акт және спорт залдарымен, медициналық пунктпен, асханамен қамтылған. Кешеннің 35 сыныптық бөлмелері оқу заманауи жабдықтарымен қамтамасыз етіледі.
Заманауи үлгіде бой көтерген кешенде тігіншілік, аспаздық кәсіпті үйретуге арналған шеберхана бөлмелері, арнайы күтім қажет ететін балаларға арналған коррекциялық оқу, сенсорлық білім алу, психолог, логопед мамандардың сынып бөлмелері арнайы жабдықталып, жазғы спорт алаңы қарастырылған.
Мекеме оқушыларына арналған сабақтар қазақ тілінде жүргізіледі. Оқушыларға кәсіптік мамандықтар бойынша диплом беріледі. Қосымша білім беруде қолөнер үйірмелері жұмыс істейтін болады.
Айта кетейік, мектеп-интернаттың ғимараты 1916 жылы салынған. 1935 жылы қосымша бөлмелер қосылып, балалар үйі болған. 1975 жылы «Сайрам көмекші мектеп-интернаты» болып өзгертілді. Мекеменің функционалдық міндеттеріне арнайы оқытуды қажет ететін балалардың психофизикалық кемшіліктерін түзету, олардың функционалдық сауаттылығын арттыру, еңбекке баулу және қоғамдық өмірге бейімдеу кіреді.