ШЫМКЕНТ: Салықтан жалтарып келген бірнеше мейрамхана иелері өз бағасын 5 есеге арттырған

0
1 547

Қаладағы 3-4 қабатты дәмхана қожайындары кәсібін 3-4 жеке кәсіпкердің атына бөліп тіркеп, салықтан қашып отырған көрінеді.


ШЫМКЕНТ: Салықтан жалтарып келген бірнеше мейрамхана иелері өз бағасын 5 есеге арттырған

Шымкент қаласындағы кей мейрамханалар мен тойханалардың құны мемлекеттік бағдарламамен салынатын әлеуметтік үйлерден де арзан, деп хабарлайды ERNUR.KZ inbusiness.kz порталына сілтеме жасап.

Аталған ақпаратқа сүйенсек, кейбір кәсіпкерлер ел қазынасына қомақты салық төлемес үшін салық органдарына ғимараттың құнын өте төмен бағада тіркеген. Бұл жөнінде Шымкент қаласы бойынша кірістер департаментінің басшысы Нұралхан Көшеров мәлімдеді.

«Мысалы «Оңтүстік» тойханасы. Меншік иесі Қамбаров. Бағалау құны 358 миллион теңге болатын. Сонда, бір шаршы метрі 43 мың теңгені құрап отыр. Өзі коммерциялық нысан. Өздеріңіз білесіздер, қазір мемлекеттік бағдарламалармен салынып жатқан әлеуметтік үйлердің 1 шаршы метрі 165 мың теңге болады. Ал, мұнда коммерциялық нысан бола тұра, 43 мың теңге болады. Бұл дұрыс па? Дұрыс емес. Осылармен жұмыс жасалып, қазір олар қайта бағалау құнын жүргізіп, 1 шаршы метрін 282 мың теңгеге дейін көтерді. Сонда бағалау құны бойынша тойхананың жалпы құны 1 миллиард 305 миллион теңгені құрап отыр. Осыған ұқсас «Роял роуз» тойханасы 1 шаршы метрін 58 мың теңгеге бағалаған. Біз оны 248 мыңға көтердік», – дейді ол.

Тиісінше, осы жағдайға орай салықшылар да бағалаушылар палатасы мен меншік иелерін шақырып түсіндіріп, талдау жұмыстарын жүргізген. Тіпті, нысандарға арнайы тексеріспен шығатындарын айтып ескерткен екен. Көп күттірмепті іс нәтиже беріп, шаһардағы 19 мейрамхана өз бағасын 5 есеге арттырған.

Сондай-ақ, қаладағы 3-4 қабатты дәмхана қожайындары кәсібін 3-4 жеке кәсіпкердің атына бөліп тіркеп, салықтан қашып отырған көрінеді. Алайда, бұл заңның әлсіз тұсы екенін айтады салықшылар. Сондықтан, заңға өзгеріс енгізуге ұсыныс жасалып жатыр екен.