Олар Үндістаннан Шымкентке білім алуға келген.
Шымкент полицейлері Үндістаннан келген студенттердің пәтерақысын қайтаруға көмектесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Туристерге қызмет көрсету бекетіне шетел азаматтары келіп, полициядан көмек сұрады.
Жастардың айтуынша, олар Үндістаннан Шымкентке білім алуға келген. Оқу орнына жақын маңнан пәтер жалдау үшін бейтаныс адаммен сөз байласып, алдын ала 90 мың теңге төлем жасағанын және алайда үй иесі ақшаны алып, 2 күн бойы хабарсыз кеткен соң, студенттер тәртіп сақшыларынан көмек сұрауды шешкен.
Түсіндірме жұмыстарынан кейін жергілікті тұрғын орынсыз әрекеті үшін кешірім сұрап, алған ақшаны дер кезінде қайтарып берді. Ал, үндістандықтар тәртіп сақшыларына шынайы ризашылығын білдірді.
Осыған байланысты, Шымкент полициясы қала тұрғындары мен қонақтарын пәтер жалдау кезінде аса мұқият болуға және үйдің кілтін қолға алмайынша бейтаныс адамдарға алдын ала төлем жасамауға шақырады.