Ешқандай емтихан тапсырмайды деп сендірген.
Шымкент қаласының тұрғыны әйеліне жүргізуші куәлігін алып беремін деп алаяққа тап болған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қала тұрғыны алаяқтық туралы арызбен Тұран ауданының полиция басқармасына жүгінді. Жәбірленушінің айтуынша, оған танысы жүргізуші куәлігін алуға көмектесуді ұсынған. Сондай-ақ, оның әйелі ешқандай емтихан тапсырмайды деп сендірген.
Өз «қызметі» үшін қаскүнем ер адамнан 350 мың теңге алып, біраз уақыттан кейін қоңырауларға жауап беруді тоқтатқан.
Сарыағаш қаласының 29 жастағы тұрғыны ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабында көзделген қылмысты жасады деген күдікке ілінді.
Сотқа дейін оған ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы бұлтартпау шарасы қолданылды.
Өз кезегінде, полицейлер азаматтарға алаяқтықтың мұндай жайттарын болдырмау үшін бейтаныс адамдарға сенбеуге және Заң аясында тиісті мемлекеттік мекемелерде ғана қызмет алуға кеңес береді.