Ол алған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жіберген.
иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден
Шымкенттік полицейлер iрi көлемдегi алаяқтық жасаған күдiктiнi ұстады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Қалалық полиция басқармасының мәліметінше, 2022 жылдың 2-тамызында Әл-Фараби АПБ-на жергілікті жердің тұрғыны арызданған. Ол өз арызында, танысы «Chevrolet Cobalt» маркалы автокөлігін алып беремін деп сендіріп, қолма-қол 4 000 000 теңгесін алаяқтық жолмен алдап алып кеткені туралы жазып көрсеткен.
"Полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде, осы қылмысқа қатысы бар Шымкент қаласының тұрғыны анықталды. Қазіргі уақытта аталған дерек ҚР ҚК-тің 190-бабы 3-бөлігімен (Алаяқтық) тіркеуге алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде", - делінген баспасөз хабарламасында.
Күдікті азаматша қала аумағында жасырынып жүрген жерінен ұсталды. Ол алған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жіберген. Күдікті кінәсін толық мойындады.