Шымкентте Аналар қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылады

0
831

Бүгінде Шымкентте 13 Аналар кеңесі бар.


Шымкентте Аналар қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылады

Бүгін Шымкент қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің қатысуымен «Ел анасы» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік семинар өтті. Алқалы жиынға қалалық мәслихаттың депутаттары, арнаулы әлеуметтік қызметкерлер мен жас аналар қатысты. Семинарға қатысқан қоғам белсенділері әйелдердің ел экономикасына қосып жатқан үлестері мен ұрпақ тәрбиелеудегі жетістіктерін насихаттап, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелерін көтерді.

–Қазақстанда неке құрған әрбір үшінші отбасы ажырасады екен. Бұл бізді ойландыруы қажет. Жастарға көмек беру, керек кезде қолдау, демеу сынды жауапкершілікті жұмыла атқаруымыз тиіс. Қоғамдағы нашақорлық, маскүнемдік, құмаройнаушылық, жұмыссыздық секілді дерттер аз болмай тұр. Осы жағдайларға барынша ден қойып, әр қоғам мүшесі лайықты атсалысса, отбасы институтын қайта тұғырына қондыра аламыз, – дейді Шымкент қалалық ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Балқия Көмекбаева.
Дәл осындай келелі ойды қалалық мәслихаттың депутаты, кәсіпкер Төреайым Сұлтанова, ҚР Мәдениет қайраткері Уралхан Сейілбекова да айтты.
Сонымен қатар, «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ» тақырыбында жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «№ 3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін орталығы» КММ-нің психолог маманы Наргиза Мұхамова сөз сөйлеп, орталықтың қызметімен таныстырды.
–«Тәрбие тал бесіктен басталады». Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегетін көбінесе әйелдер мен жас балалар. Бұдан ұрпақ тәрбиесі бұзылады, – дейді Наргиза Мұхтарқызы.
Жиын соңында өз жұмыстарында белсенділік танытқан Аналар кеңесінің бірқатар мүшелері марапатталды.
Айта кетейік, Шымкент қаласы ҚХА жанындағы Аналар кеңесі – отбасы және ана институттарын нығайту арқылы қоғамдық келісім мен ел бірлігін қамтамасыз етудегі Қазақстан халқы Ассамблеясы мақсаттарын іске асыруға жәрдемдесу және отбасылық құндылықтарды дәріптеу мақсатында қоғамдық жұмыстар атқарады. Бүгінде Шымкентте 13 Аналар кеңесі бар. Бұл кеңестерге 107 ана мүше.
дереккөз: «Шымкент келбеті»