Шымкентте «Бір үй, бір бірлестік, бір есепшот» жүйесіне көшу қарқынды жүргізіліп жатыр

0
717

«Бір үй, бір бірлестік, бір есепшот» қағидасы бойынша тұрғын үйдің басқару жүйесін бір ізге келтіру.


Шымкентте «Бір үй, бір бірлестік, бір есепшот» жүйесіне көшу қарқынды жүргізіліп жатыр

Шымкент қаласында «Бір үй, бір бірлестік, бір есепшот» қағидаты бойынша жаңа жүйеге көшу қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық Орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы Ғалымжан Өтенбаевтың қатысуымен брифинг өтті.

Баспасөз мәжілісінде Ғалымжан Әмірбекұлы қаладағы көп қабатты тұрғын үйлерге «Мүлік иелерінің бірлестігін» немесе «Жай серіктестігін» құру бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде мәлімдеді.
– Бүгінде Шымкентте жалпы тұрғын үй қоры 2 236-ны құрайды. Оның ішінде коммуналдық үй – 130, кондоминиум нысаны тіркелгені – 1 672, ал тіркелмегені 471 болып, тұрғын үй қорының 78,2 пайызын құрап отыр. Осы орайда бұл бағытта жаңа реформа іске асырылуда. Тарқатып айтсақ, «Бір үй, бір бірлестік, бір есепшот» қағидасы бойынша тұрғын үйдің басқару жүйесін бір ізге келтіру. Яғни, көп қабатты тұрғын үйлерде кондоминиум объектілерін басқарудың жаңа жүйесі «Мүлік иелерінің бірлестігі» (МИБ) немесе «Жай серіктестіктігін» (ЖС) енгізу болып отыр, – деді Ғ.Өтенбаев.
Спикердің сөзінше, аталған бағдарламаның артықшылығы – кондоминиум нысандарын меншік иелері тарапынан бақылауды қамтамасыз ету, басқару органдары қызметінің ашықтығын арттыру және ортақ мүлікке күрделі жөндеу жүргізудің жаңа тетігін енгізу. Осы жылдың 29 сәуіріндегі қаладағы статистикалық көрсеткішке сәйкес, Еңбекші ауданында 6 МИБ пен 62 ЖС-і, Әл-Фараби ауданында 8 МИБ және 26 ЖС-і құрылған. Ал Қаратау ауданында 3 МИБ пен 28 ЖС-і, Абай ауданында 26 МИБ және 27 ЖС-і тіркелген. Жалпы саны 43 мүлік иелерінің бірлестігі және 143 жай серіктестік тіркеуден өткен.
Сондай-ақ, брифингте басқарма басшысы мүлік иелерінің бірлестігі мен жай серіктестік ұғымдарын тарқатып түсіндірді.
– «Мүлік иелерінің бірлестігі» (МИБ) – коммерциялық емес ұйым. Яғни, көп қабатты тұрғын үй пәтерлері және тұрғын емес үй-жайларының меншік иелері құрған кондоминиум нысанын басқаруды жүзеге асыратын, оны күтіп-ұстауды қаржыландыратын және сақталуын қамтамасыз ететін заңды тұлға. Бұл жағдайда пәтер және тұрғын емес үй-жай меншік иелерінің 51 пайызының келісімі қажет. Ал «Жай серіктестік» (ЖС) – бір көп қабатты үйдің пәтерлері және тұрғын емес үй-жайларының меншік иелері кондоминиум нысанының ортақ мүлкін сақтауды қамтамасыз етуге арналған серіктестік. Осы орайда пәтер және тұрғын емес үй-жай меншік иелерінің 100 пайыз келісімі болуы шарт, – деді ол.