Қайғылы оқиға 13 маусым күні, жер үйдің ауласында орын алған.
Шымкент қаласында бір жасар бала бір шелек суға тұншығып қайтыс болды деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
2019 жылы туған сәби аулада ойнап жүріп шелектегі суға абайсызда құлап тұншығып қалды.
Үлкендердің бір сәт қарауынсыз қалған бүлдіршін шелектегі суға тұншығып, көз жұмды.
Қайғылы оқиға 13 маусым күні сағат 15.00 шамасында орын алған. Жазатайым жағдай Шымкент қаласы, Абай ауданы, Самал-3 шағынауданындағы Жаңа құрылыс көшесінде орналасқан жер үйдің ауласында болған.
Оқиға орнына Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаменті мен полицейлер, дәрігерлер шұғыл жеткен. Балақай мамандар келгенше жантәсілім еткен. Төтенше жағдайлар саласындағы мамандар жаз мезгілінде тұрмыстық тіршілікпен балаларды көзден таса боп, жазатайым қайғылы оқиғалардың көбейіпкететінін айтып отыр. Сондықтан да ересектер мен ата-аналарды абай болуға шақырады.
"Жазғы кезеңінде тұрмыстағы тіршілік көбейіп, ата-ана жас балдарға уақыт бөлмей, нәтижесінде қайғылы оқиғалар орын алады. Құрметті ата-ана! Жас балдарға уақытты аямаңыздар! Кез келген жағдайда қайғылы оқиға орын алуы мүмкін, сондықтан, балдарды қараусыз қалдырмаңыздар,"- деп ескертеді Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.