Шымкентте ер адам көпшіліктің көзінше әйеліне қол көтеріп, бетінен тепті

0
9 389

Бұл жағдай әлеуметтік желі қолданушыларының ашуын туғызды


Шымкентте ер адам көпшіліктің көзінше әйеліне қол көтеріп, бетінен тепті

Шымкентте әйелінің шашынан тартып, бетінен тепкен ер адам желі қолданушылардың ашуын шығарды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Пакиза Бопинаева есімді желі қолданушы Instagram парақшасына Шымкент қаласының Қаратау ауданы аясында болған бір оқиғаның видео, фотоларын жариялады.

Ол өзінің парақшасында "Адамның құқығын қорлап, өмірін ойыншық еткендер, заң алдында жауап берсе екен деймін. "Ұят" деп жүрдік. Бұлай бола берсе, адамға қастандық жасаудан да тайынбайды. Заң алдында әлімжеттік жасағаны үшін жауап беруін сұраймын", - деп жазған.

Сондай-ақ, орын алған сұмдық жағдай туралы фото мен видеоларды жергілікті заңгер Айла Жұмалиева Facebook желісіндегі парақшасында жариялап, Ішкі істер министрлігінен, Бас прокуратурадан, Шымкент қаласының прокуратурасынан істі тексеруді сұрап, талап еткен.

Жұмалиеваның авторға сілтеме жасап жазуынша, "қаншама айғақты заттар бола тұра, ұрып теуіп, өлім аузына дейін алып барған ер азаматқа" шара қолданылмаған.

"Қаратау ауданы полициясының бәрін әлгі жігіт сатып алғаннан сау ма? Мүмкін тамыр-таныс, көке-жәке болып кетті ме екен? Әлде, біздің елде адам өлгеннен соң ғана қимылдай ма? Мына ұрып, басынан хайуанды тепкендей доп қылып жатқан фото, видеолар бола тұра жазылған арыз қаралмаса, полицияға айтатын сөзім жоқ.

Халық бекерге полиция тарапына наразылық білдірмейді екен ғой. Заң бәріне ортақ емес пе, ағайын? Өз әйелін итше сабаған еркектің барынан жоғы жақсы емес пе?», - деген заңгер күйінішін жеткізген.