Шымкентте құбырларды тоттан сақтайтын технологиялар енгізіледі

0
1 245

Жаңа құрылғы тотты магнетитке өзгерту арқылы құбырлардың пайдалану мерзімін кемінде 40 жылға ұзартуға мүмкіндік береді


Шымкентте құбырларды тоттан сақтайтын технологиялар енгізіледі

ERNUR.KZ. Шымкентте құбырларды тоттан сақтайтын бірегей технология пилотты режимде енгізіледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қала әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбек және «Қуат жылу орталық-3» МКМ жетекшілерінің «Mitsui & Co.Moscow» компаниясының өкілдерімен кездесті. Онда компания өкілдері тот басуға қарсы «NMRPipetector» бірегей электролитикалық құрылғысын таныстырды. Құрылғыны жасап шығарушылардың айтуынша, тот басуды құбырларды ауыстырмай-ақ тоқтата алатын бұл құрылғы жылу энергиясының сапасын арттырып қана қоймай, құбырларды пайдалану мерзімін де ұзарта алады.

«Қуат жылу орталық-3» мекемесі құрылғыны сынақтан өткізуге дайын және тәжірибе алаңын да белгіледі: жаңа 3 құрылғы ПМК-49 желілік қазандығының бөлініс шекарасында және көпқабатты 2 үйге орнатылмақ. Бұл нысандардың таңдап алынуының себебі бар: үй ішіндегі инженерлік желінің пайдалану мерзімі қалыпты мерзімнен асып кеткен (үйлер 1985 жылы пайдалануға берілген), толық жөнделмеген және құбырлары толығымен тозған.

Жаңа құрылғы тотты магнетитке өзгерту арқылы құбырлардың пайдалану мерзімін кемінде 40 жылға ұзартуға мүмкіндік береді. Бұған қоса құрылғы орнатылған соң ғимараттардағы судың сапасы едәуір жақсарады.

Айта кетейік, пилоттық жоба жарты жылға жуық уақытқа созылады, осы уақыт ішінде құрылғының барлық мүмкіндігі сыналуы тиіс. Құрылғыны сынау – тегін, құрылғыларды сатып алу жөніндегі келісссөздер тәжірибе оң нәтиже берген соң ғана басталады.