Қала әкімі М.Әйтенов әрбір мектептің жаңа оқу жылына дайындығын тексеру мақсатында, білім беру ұйымдарын аралап көруде.
Шымкент қаласында лингвистикалық элиталы бастауыш мектеп ашылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
2020 жылдан бастап еліміздегі барлық қалалық мектептер жан басына қаржыландыру жүйесіне көшті. Аталған жүйе Шымкент қаласында өз нәтижесін беруде. Былтыр 21, биыл 20 мектеп жеке инвесторлар есебінен салынуда.
Қала әкімі М.Әйтенов әрбір мектептің жаңа оқу жылына дайындығын тексеру мақсатында, білім беру ұйымдарын аралап көруде.
Соның бірі - Әл-Фараби ауданы Қонаев даңғылында «OSCAR» лингвистикалық элиталы 480 орындық жекеменшік бастауыш мектебі 3 қабатты, 30 оқу бөлмесінен тұрады. Асхана, спорт залы, мәжіліс залы, медициналық кабинет те қарастырылған.
Мектеп жаңа оқу жылына 95 пайыз дайын. Бүгінде мұнда жиһаздар қойылуда. Акт, спорт залға жұмсақ төсеніштер қойылып, асханаға қажетті заттарды да орналастыруда.
Сонымен қоса, "Талант" мектебі де жаңа оқу жылында оқушылар қабылдауға дайын.
Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы, Ә.Жангелдин көшесі, №13 ғимаратта орналасқан «№1 TALANT» жалпы білім беру мектебі 1200 орындық, 5 қабаттан тұрады. Жобаға сәйкес 60 оқу бөлмесі, 48 кабинет, асхана, спорт залы, мәжіліс залы, медициналық кабинет бар. Аталмыш мектеп оқу жылына балаларды қабылдауға толығымен дайын.
Айта кетейік, Шымкентте өткен жылы 11 764 орынға арналған 25 мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде жаңа оқу жылында апатты мектеп мәселесі толығымен жойылып, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға төмендеді. Биыл жалпы 34 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 10 нысанның құрылысы 2021 жылдан өтпелі, ал 24 нысанның құрылысы жаңадан басталған. Жыл соңына дейін 24 мектепті пайдалануға тапсыру жоспарлануда. Нәтижесінде үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке төмендейтін болады. Шымкентте үш ауысымда білім беретін мектептер мәселесін 2023 жылы, ал орын тапшылығын 2025 жылға дейін толығымен шешу жоспарланған. Қаламызда жекеменшік мектептердің үлесі артып келеді. Биылғы жылы қолданысқа берілетін 24 мектептің 20-сы жеке инвестор есебінен.