Шымкентте медициналық мекемелерге реаниматолог пен инфекционист дәрігерлер керек.
Шымкент қаласында халыққа сапалы және уақтылы медициналық көмек көрсету үшін медицина қызметкерлерінің саны артты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Денсаулық сақтау мекемелерінде дәрігерлер 13%-ға, яғни, 3519-дан 3 983-ке артты. Ал орта медициналық қызметкерлер 10%-ға артып, 9 440-қа жетіп отыр.Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді.
Басқарманың мәліметінше, қалада реаниматолог пен инфекционист дәрігерлеріне қажеттілік бар екен. Сонымен қатар, жыл басынан бері 10 164 медицина қызметкері біліктілігін арттыру бойынша оқудан өткен.
Бұдан бөлек, короновирус инфекциясымен күресуге жұмылдырылған 4308 медицина қызметкеріне наурыз-тамыз айлары аралығында үстемақысы төленді. Бұл шараға республикалық бюджеттен 4764,66 млн. теңге бөлінді.