Шымкентте Назарбаев Университетінің тәжірибесіне негізделген ЖОО ашылады

0
2 709

Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.


Шымкентте Назарбаев Университетінің тәжірибесіне негізделген ЖОО ашылады

Шымкент қаласында Назарбаев Университетінің тәжірибесімен озық жоғары оқу орны ашылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Назарбаев Университетінің тәжірибесі негізінде елімізде 2 озық жоғары оқу орны құрылады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.

«Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша инновациялар мен серпінді технологияларды дамыту, озық ғылыми-зерттеу орталықтарын қалыптастыру үшін өсу орталықтары болатын 2 озық жоғары оқу орны құрылады. Петропавл мен Шымкент қалаларында осы жұмыс басталып кетті», - деді Асхат Аймағамбетов.
Оның атап өтуінше, еліміздің бәсекеге барынша қабілетті 20 жоғары оқу орнының базасында «академиялық артықшылық» орталықтары құрылады.
«Бұл жұмыс басталды. Бұл мақсатта бюджеттен қомақты қаржы бөлу көзделген. Критерийлер бойынша 15 мықты өңірлік жоғары оқу орны және 5 мықты педагогикалық жоғары оқу орны іріктеліп, лабораториялары жаңартылып, жаңа деңгейге көтеріледі», - деді министр.
Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, білім сапасын жақсарту жөніндегі шараларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылға қарай 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту 100 пайызға жеткізіледі, 3 ауысымды оқыту жойылады және 800 мектеп салынады.
«PISA халықаралық зерттеуінде оқушылардың нәтижелерін 40 балға жақсарту бойынша жұмыс жүргізіледі. 15 университет дүниежүзілік рейтингтерде орын алады. NEET санатындағы жастар үлесі төмендетіледі. 5000 мектепті жаңғырту жоспарда бар. Педагогтермен қамту мәселесін толық шешеміз. 20 заманауи, үздік университет қалыптастыру көзделді. Барлық тапсырма қатаң бақылауда болады», - деді Асхат Аймағамбетов.