Форумға әлемнің 20 елінен халықаралық дәрежедегі бизнесмендер қатысады.
Шымкент қаласында наурыз мерекесі орай, 2023 жылдың 21 наурызында Rixos Khadisha Shymkent қонақ үйінде әкімдіктің ұйымдастыруымен "SHYMKENT INVESTMENT - 2023" өңіраралық инвестициялық форумы өтеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Аталға форум оңтүстік өңірлерінің Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласының инвестициялық тартымдылығымен және экономикалық даму әлеуетімен танысуға мүмкіндік береді.
Оңтүстік өңірінің инвестициялық ахуалын жақсартуға мүмкіндік беретін іс-шараға орталық мемлекеттік органдар мен елшіліктердің, ұлттық және шетелдік компаниялардың өкілдері, сондай-ақ танымал кәсіпкерлер мен инвесторлар арнайы шақырылады.
Форумға әлемнің 20 елінен халықаралық дәрежедегі бизнесмендер мен Қазақстанның табысты кәсіпкерлері, орталық мемлекеттік органдардың , ұлттық компаниялар мен қаржы институттарының өкілдері қатысады.
Сондай-ақ, 20-21 наурыз аралығында Көрме орталығында оңтүстік өңірлердің тауар өндірушілерінің өңіраралық көрме-жәрмеңкесі өтеді. Онда 100-ден астам танымал отандық компаниялар өз өнімдерін ұсынады.
Айта кетейік, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Шымкент қаласы - еліміздің ең ірі өнеркәсіптік аймағы саналады. Өңірде түрлі инвестициялық жобаларды іске асыруға экономикалық және адами ресурстар да жеткілікті. Бүгінде Шымкент қаласында түрлі бағытта 700-ден астам ірі және орта кәсіпорындар жұмыс істейді. Орталық Азия, Таяу Шығыс елдерімен экономикалық байланыс орнатқан шекаралық аймақ мәртебесіне ие мегаполистің басым экономикалық секторларына инвестиция тарту үшін барлық жағдайлар жасалған.
Еркін форматта ұйымдастырылған диалог алаңында бірнеше инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша шетелдік және отандық компаниялармен меморандумдар түзіледі деп жоспарлануда.