«Достық» үйінде өткен жиынға қалалық партия белсенділері мен ассамблея мүшелері қатысты.
Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясында берген тапсырмасына сай Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Достық» үйінде өткен жиынға қалалық партия белсенділері мен ассамблея мүшелері қатысты. «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Б.Нарымбетов пен қалалық «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Е.Байқонақов Президенттің ассамблеяның саяси партиялармен және мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынасын күшейту туралы міндеті аясында нәтижелі жұмыс жүргізілетінін жеткізді.
– Мемлекет басшысы: «Этносаралық келісім саясатында сөз бен іс бір жерден шығуға тиіс. Ассамблея саяси партиялармен ақылдасып, кеңесіп отыруы қажет. Сонда бірлігімізді нығайтамыз. Этносаралық қатынасқа қатысты кез келген арандатудың жолын кесеміз», – деді.
Осы бағытта біз ассамблеямен бірлесіп жұмыс жүргіземіз, – деді Б.Мәдәліұлы.
Жиында асссамблея мүшелері қалалық славян этномәдени бірлестігінің төрайымы Н.Романова, қалалық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы А.Мухамедова, қалалық түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Л.Асанов, қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Т.Нишанбаев сөз сөйлеп, маңызды міндетті бірлесе атқаруға дайын екендігін жеткізді.
Айта кетейік, енді партия белсенділері мен ассамблея мүшелері ақпарат алмасу, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саясатын нығайтуға бағытталған ақпараттық-насихаттық жұмыстарды жүргізу, халықтың құқықтық мәдениетін арттыру және бірлік құндылықтарын ілгерілету бойынша диалог алаңдарын ұйымдастыру бағытында бірлесіп жұмыс атқарады.
Сонымен қатар, Шымкенттегі «Достық» үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, Қазақстан Халық партиясы, «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Байтақ» жасылдар партиясы», «Respublika» партиясы филиалдары бірлескен меморандумға қол қойды.
Енді қалалық Ассамблея мен қаладағы саяси партиялар құжатқа сай ақпарат алмасу, жалпыұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған ақпараттық-насихаттық жұмыстарды жүргізу, халықтың құқықтық мәдениетін арттыру және бірлік құндылықтарын ілгерілету бойынша диалог алаңдарын ұйымдастыру бағытында бірге жұмыс атқарады.