​Шымкентте Республика күні қарсаңында ел чемпиондары марапатталды

0
942

Шымкент қаласының «Шымкент» командасы әйелдер арасындағы футболдан осымен 11-ші рет Қазақстан чемпионы атанды.


​Шымкентте Республика күні қарсаңында ел чемпиондары марапатталды

25 қазан — Республика күні мерекесіне орай Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы орталық стадионда ел чемпиондарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Оған Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пен Қазақстан футбол федерациясының президенті Ә.Барменкұлов қатысып, спортшыларды жеңістерімен құттықтады.
Мұрат Дүйсенбекұлы Шымкент қаласының атын республика көлемінде ғана емес, халықаралық аренада танытып жүрген футболшы аруларға алғысын білдіріп, Қазақстан чемпионатының кубогін салтанатты жағдайда табыс етті.
Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен өнер көрсетіп жүрген бұл команда Қазақстан кубогін 12 рет жеңіп алған.
Сондай-ақ, УЕФА Чемпиондар Лигасының 1/8 финалында үш рет өнер көрсетіп, Еуропаның үздік 20 командасының қатарына кіріп отыр.
Айта кетейік, марапаттау рәсімі футболдан Қазақстан премьер-лигасындағы «Ордабасы» мен «Шахтер» командаларының кездесуі кезінде өтті. Бұл матчта шымкенттік команда 1:0 есебімен жеңіске жетті.

Еске сала кетейік, биыл шымкенттік спортшылар Қазақстан республикасының чемпионттарында 500-ге жуық алтын медаль жеңіп алды. Қалада жалпы алғанда 71 спорт түрін дамыту жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде 37 - олимпиадалық, 34 - олимпиадалық емес спорт түрі. 2022 жылдың алты айында қала спортшылары Қазақстан республикасының чемпионттары мен біріншіліктерінде спорттың 71 түрінен 416 - алтын, 372 - күміс, 398 - қола медаль жеңіп алды. Сонымен қоса, жыл басынан бері өткен Азия чемпионаттарында 39 - алтын, 18 - күміс және 24 - қола медальге ие болды. Ал, Әлем чемпионаттарында 28 - алтын, 15 - күміс, 8 - қола еншіледі.

Сонымен қоса, Шымкент қаласында 2021 жылдың II- жарты жылдығынан бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасы іске асырылуда. 2022 жылы жан басына шаққанда қаржыландыру жобасының мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыруға жергілікті бюджеттен 2 323,0 миллион теңге қаржы бағытталып, спорттық секцияға 4-пен 18 жас аралығындағы балалардың жалпы санының 16%-ын қамту жоспарланған болатын.