Шымкентте сотталғандарды азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған мекеме заңды өрескел бұзған - заңгер

0
615

Ал, Шымкент қаласының мемлекеттік органдары көзге көрініп тұрған заңсыздықтың шешімін әлі таба алмай келеді.


Шымкентте сотталғандарды азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған мекеме заңды өрескел бұзған - заңгер

Шымкентте сотталғандарды азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған мекеменің өзі мемлекеттік сатып алу заңының өрескел бұзылуына жол беріп отыр. Ал, Шымкент қаласының мемлекеттік органдары көзге көрініп тұрған заңсыздықтың шешімін әлі таба алмай келеді.

Сотталғандарды азық-түлікпен қамтамасыз етумен «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорыны айналысатыны мәлім. Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша аталған қызметті “Еңбек-Шымкент” филиалы атқарады.

Біздің тарапымыздан анықталған заң бұзушылықтар:

- Еңбек-Шымкент филиалының азық-түлік өнімдерін өздері таңдап алған компаниялармен бір көзден келісім-шарт түзуі. Мемлекеттік сатып алу заңының талаптарына сәйкес, Еңбек тек қана сотталғандарды жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында тауарларды, жұмыстарды, қызметтерді өндіру үшін шикізаттарды, материалдар мен жинақтаушы бұйымдарды тікелей бір көзден сатып ала алады;

- Бір көзден сатып алған жағдайдың өзіндеде Мемлекеттік сатып алу заңының 41-бабының талаптары мүлдем орындалмауда. Яғни бір көзден сатып алу тек өзге тәсілдер: конкурс, аукцион, тауар биржасы және баға ұсыныстарын сұрату тәсілдерімен сатып алу мүмкін болмаған айрықша жағдайларда жүзеге асыруға болатындығын мүлдем ескермеген;

- Бір көзден сатып алу есептері мүлдем орналастырылмаған;

- Келісім-шарт жасасқан компаниялар жылма-жыл мүлтіксіз қайталанып отыр.

Орын алып отырған жағдайлар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің орын алуына әкеліп соғары анық. 2022 жылдың өзінде Шымкент қаласы және Түркістан облысындағы аталған келісім-шарттардың жалпы соммасы 1 миллиард теңгеден асып жығылған еді. 2023 жылға ол көрсеткіш одан да кем емес.

Жылма-жыл тікелей бір көзден белгілі-бір компаниялармен келісім-шартқа тұра беретін Еңбек-Шымкентке мемлекеттік сатып алу заңын өрескел бұзуына неге тосқауыл қойылмайды деген заңды сұрақ туындайды. Аталған заңбұзушылықтар біздің тарапымыздан 2022 жылы да, 2023 жылы да толық зерделеніп тиісті уәкілетті органдарға жолданған болатын.

2022 жылы аталған Ішкі мемлекеттік аудит департаменті аудит жүргізіп, заңбұзушылықтарды анықтап, Еңбек-Шымкент басшысына қатысты 24 әкімшілік хаттамалар толтырған болатын. Алайда, Еңбек-Шымкент басшысы хаттамалармен келіспей, мәселе сотта қаралып, соттан түсініксіз негіздермен аталған басшы судан ақ, сүттен таза болып шыға келді.

2023 жылы ақпан айының 8 күні Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне осы мәселе бойынша тағы да хат жолданып, қарау мерзімі алғашында 31 күнге, сосын 10 күнге созылып, соңында аталған мәселеге қатысты әлі де аудиторлық іс-шаралар жүріп жатқандығын, нәтижесі бойынша қосымша хабарланатындығын айтып, біздің шағымды орындалды деп жауып тастаған.

Мемлекеттің миллиардтаған қаржысына қатысты анықталған заң бұзушылықтар бойынша тиісті шара қолдануға Шымкент шенеуніктері неге қауқарсыз?


Айжан Кесебаева

“Әділдік жолы” РҚБ Шымкент қаласындағы филиалының басшысы, заңгер