Жалпы саны 25 команда қатысып жатыр.
Шымкентте екі жыл үзілістен соң «Өзгерістер маусымы» тақырыбымен қалалық «Жайдарман» әзілқойлар мен тапқырлар ойындарының жаңа маусымы ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өтіп жатқан думанды дода ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр. Әзілқойлар сайысы жастардың рухани және мәдени топтасуы мен ұрпақтар сабақтастығын ұштастыруға бағытталған.
Ал ойынға жоғары және орта арнаулы оқу орындарынан құралған командалар мен еркін құрамалар қатысып, жалпы саны 25 команда бақтарын сынап жатыр. Сонымен қатар, «Жайдарман» ойындарының жүргізушісі Есен Елеукен кештің арнайы қонағы болды.
– Маусымашардың биылғы ерекшелігі жүлделі орын алған командаларға ақшалай сыйлықтар табысталады. Үздік ойын өрнегін көрсеткен командалар алдағы уақытта республикалық ойындарға жолдама алады. Алда қатысушыларды 8/1 және 4/1 финалдар күтіп тұр. Келесі сайыс сәуір айының соңында өтеді, - деді Жастар ресурстық орталығының басшысы Ерлан Айтбаев.
Жеңімпаздарға қаржылай сыйақылар мен арнайы логотиппен жасалған сыйлықтар табысталады.
Айта кетейік, санитарлық талаптарды сақтай отырып, мерекелік шараға жалпы саны 100-ге жуық көрермен қатысты.