Шымкентте жаңа оқу жылында барлық оқушылар бір түсті форма киеді

0
888

Талапқа сәйкес, жергілікті бюджеттен әр балаға мектеп формасы үшін 35 мың теңгеден қаржы қаралып отыр.


Шымкентте жаңа оқу жылында барлық оқушылар бір түсті форма киеді

Жаңа оқу жылында шымкенттік оқушылар ақ жейде, қанық көк түсті форма киеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қалалықбілім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы өткен брифинг барысында мәлімдеді.

Өткен жылы 25 мың бала 1-сыныпқа қабылданған болатын. Биыл 27 мың бүлдіршін мектеп табалдырығын аттамақ. Оның 98 пайызға жуығы бүгінде құжатын тапсырып үлгерді. Сонымен қатар, биыл 56 586 ата-анадан бір реттік мектеп формасымен қамтамасыз етуге өтініш түсті. Талапқа сәйкес, жергілікті бюджеттен әр балаға мектеп формасы үшін 35 мың теңгеден қаржы қаралып отыр. Жыл сайын оқу жылы қарсаңында көп талқыланатын тақырыптың бірі — мектеп формасы. Мектеп формасының түсін биыл әр мектеп емес, өңір таңдайтын болды. Жаңа оқу жылында шымкенттік оқушылар ақ жейде, қанық көк түсті форма киеді. Мектеп формасына әр мектептің эмблемасын тағуға ғана рұқсат беріледі, - деді Ж.Тәжиева.

Брифинг барысында мектепке дейінгі білім ұйымдарын лицензиялау жұмыстары туралы да сөз қозғалды.

«Мектепке дейінгі білім ұйымдарын лицензиялау жұмыстары тиісті құжаттар қабылданған соң, 2024 жылы бастау алуы мүмкін. Лицензиялау ешқандай кәсіпкерліктің, яғни меншік иесінің құқығын шектемейді. Бұл балаларды сапалы біліммен және жайлы ортамен қамту үшін жасалған қадам ғана. Яғни, жекеменшік және мемлекеттік балабақшалар толығымен лицензиялаудан өтеді. Лицензиялау жұмыстары шамамен 2024 жылы бастау алуы мүмкін», - деді Шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасызету департаментінің басшысы Нұргүл Шәмшиева.

Мамандардың айтуынша, лицензиялау жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылады. Бірінші кезекте жаңадан ашылған балабақшалар, екінші алғашқы мемлекеттік аттестациялаудан өтпеген мектепке дейінгі ұйымдар, үшінші жұмыс істеп тұрған барлық балабақшалар өтеді.

Еске сала кетейік, Шымкентте 505 мектепке дейінгі ұйым бар. Оның 72-сі мемлекеттік.

Балабақшаларды лицензиялау жұмысы туралы ақпаратты дұрыс түсінбей отырған ұйымдар да баршылық. Алайда, балаға қауіпсіз орта қалыптастырып, жертөледе немесе жарықсыз ғимаратта балабақша ашып отырғандардың жұмысын шектеп, сапаны арттыру көзделіп отыр. Сондай-ақ, биыл елордада балабақшаларды ваучерлік жүйе арқылы қаржыландыру бойынша пилоттық жоба енгізілді. Мұнда ата-аналарға баласына сапалы білім беретін балабақша таңдау құқығы беріліп отыр. Шымкентте қыркүйек айынан бастап 10 балабақшаға ваучерлік қызметті енгізу жоспарланған, - деді Жанат Арысбекқызы.