2022 жылы атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 198 мың адам болса, бүгінде 92,4 мың адамды құрап отыр.
Түркістан облысында 104 635 жұмыс орны құрылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды баяндады.
– Республикадағы көпбалалы отбасылардың ауқымды бөлігі біздің облысымызға тиесілі. Еңбекке қабілетті жастардың үлесі мол. Сондықтан, біз жұмыс орындарын ашу мәселесін назарда ұстап отырмыз. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар, өндіріс орындарын ашу арқылы тұрғындар еңбекке тартылуда. Жүйелі атқарған жұмыстың арқасында соңғы екі жылда атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын 2 есеге дейін, яғни, 92,4 мың адамға немесе 53%-ға төмендетуге қол жеткіздік. 2022 жылы атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 198 мың адам болса, бүгінде 92,4 мың адамды құрап отыр. Жұмыс орындарын ашу – біздің негізгі бағытымыз, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысында биыл «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында 118 мыңнан астам жұмыс орнын ашу жоспарланып, қазіргі таңда 104 635 жұмыс орны құрылған.
Жуырда Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Лич Түркістанға келіп, шетелге жұмыс күштерін дайындайтын арнайы орталықтың ашылуына қатысты. Бұл орталықта Ұлыбритания және Оңтүстік Кореяда жұмыс істегісі келетін азаматтарды оқытып, дайындайды.