Шымкентте жаңадан құрылған ауданға "Тұран" атауы беріледі

0
804

Жаңадан құрылатын ауданның аумағы 36,3 мың га (қала аумағының 32%), халық саны – 220,7 мың адамды құрайды.


Шымкентте жаңадан құрылған ауданға

Бүгін Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс он тоғызыншы сессиясы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Онда күн тәртібіне сәйкес, қала бюджетіне өзгерістер енгізу, бесінші ауданға атау беру мәселесі қаралды.

Шымкент қаласындағы бесінші ауданға атау беру туралы қала әкімі аппаратының басшысы Г. Мауленкулов баяндады. Ол қоғамдық тыңдау өткізіліп, жаңа ауданға «Алаш», «Жібек жолы», «Тұран», «Бадам», «Мәртөбе», «Яссы», «Құрлық» атаулары мен Ш.Қалдаяқов, А.Асқаров, Ж.Тәшенов есімдерін беру бойынша ұсыныс пікірлер түскенін, көпшілік «Тұран» атауын қолдағанын, одан бөлек жергілікті қоғамдастық өкілдері, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдардың ұсынымдары да ескерілгенін атап өтті.

Нәтижесінде сессия отырысында ҚР Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қарауына «Тұран» атауын беру бойынша ұсынысты халық қалаулылары бір ауыздан қолдады.

Сессияда маңызды тарихи шешім қабылданғанын айтқан қала әкімі бесінші аудан құру – уақыт талабы екенін жеткізді.

- Қаламызда халық саны жыл сайын артып, демографиялық өсім жоғарылап келеді. Сондықтан қала тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастырып, басқару деңгейін және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруымыз қажет. Қаладағы аудандардың шекараларын бөлу қаланың Бас жоспары негізінде әзірленді. Сонымен қатар, 2022 жылға арналған қала бюджет нақтыланды. Қосымша қаржы құрылыс жұмыстарын аяқтауға, қаланың инженерлік-инфрақұрылымын дамытуға бағытталатын болды,- деп сөзін қорытындылады М.Әйтенов.

Жаңадан құрылатын ауданның аумағы 36,3 мың га (қала аумағының 32%), халық саны – 220,7 мың адамды құрайды. Қаланың Бас жоспарына сәйкес аудан аумағында, 2035 жылға дейін 1 175 гектарға 2 325 мың шаршы метр жаңа көпқабатты тұрғын үй құрылысы жоспарлануда.

Айта кетейік, Шымкеттің бас жоспарын «Градкомплекс» ЖШС жасауда. Мердігер мекеменің тәжірибесі мол, Қазақстанның көптеген қаласының жоспарын жасауға үлес қосқан, дейді жауапты мамандар. Компанияның шақыруымен Шымкентке Киев, Минск, Санкт-Петербург қалаларынан білікті мамандар келіп, кеңестерімен бөліскен.