Шымкенттегі халықаралық сайыста жедел жәрдем қызметкерлері біліктілігін шыңдап жатыр

0
484

Айтулы шараға Өзбекстаннан, Қырғызстаннан және республиканың барлық дерлік өңірлерінен 20 команда қатысып жатыр.


Шымкенттегі халықаралық сайыста жедел жәрдем қызметкерлері біліктілігін шыңдап жатыр

Шымкент қаласында жедел жәрдем қызметкерлері арасындағы халықаралық жарыс өтіп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шымкент қаласында ауыр жағдайда жедел жәрдем шақырған науқастарды сәтті реанимациялау көрсеткіші өте жоғары. Салыстырмалы түрде қарасақ, республика бойынша сәтті жансақтаудың орташа көрсеткіші 46 пайызды құрайтын болса, Шымкентте ауыр жағдайда жедел жәрдем шақырған 100 адамның 59-ы сәтті реанимацияланған. Мұны денсаулық сақтау саласындағы өте маңызды жетістік деуге болады.

Бұл туралы Шымкент қаласында өтіп жатқан жедел медициналық жәрдем қызметкерлері арасындағы халықаралық жарыс барысында айтылды.

Айтулы шараға Өзбекстаннан, Қырғызстаннан және республиканың барлық дерлік өңірлерінен 20 команда қатысып жатыр. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және Шымкент қаласының әкімдігі бірлесіп өткізіп жатқан шарада екі күн бойына анестезиолог-реаниматолог дәрігерлер мен фельдшерлер өзара бақ сынасып, тәжірибе алмасып, біліктіліктерін арттырады.

Шымкент қаласындағы жедел жәрдем станциясының симуляциялық орталығы материалдық-техникалық жабдықталуы жөнінен республикадағы үздік орталықтардың бірі. Мұнда жедел жәрдем қызметкерлерінің біліктілігін арттырып, пациентке алғашқы медициналық көрсету машықтарын шыңдауға мүмкіндік беретін 6 муляж бар. Сондай-ақ, қаламызда 102 жедел жәрдем бригадасы бар. Олар замануи талаптарға сай жабдықталған көліктермен халыққа сапалы қызмет көрсетіп жатыр, – дейді Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасынан Нұрлыбек Асылбеков.

Айта кетейік, Шымкентте жедел жәрдем станциясына түскен шақыртулар 4 санатқа бөліп қарастырылады. Адам өміріне қатер төніп тұрған бірінші санаттағы шақыртуларға жедел жәрдем 10 минутқа жетпей барады. Шымкентте бүгінде бұл санат бойынша кешігу жағдайлары тіркелмеген.