Оларға мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмек шығарып беремін деп сендірген.
Шымкент қаласында бейтаныс әйел 8 тұрғынның атынан несие рәсімдеп алған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша, бейтаныс әйел мемлекет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік көмекті шығарып беремін деп сендірген. Алайда бейтаныс әйел оның сеніміне кіріп, жеке мәліметтерін пайдаланып, шағын несие беру ұйымынан онлайн несие рәсімдеген. Бұл жайтты арызданушы телефонына несие алғандығы туралы хабарлама келгенде білген.
Келтірілген шығын көлемі 326 мың теңгені құрады. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабымен (Алаяқтық) тіркеп, жедел-іздестіру шараларына кірісті. Әл-Фараби АПБ-ның тәжірбиелі сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылып, істің ақ-қарасын ажыратуға кірісті. Нәтижесінде, полицейлер тұрғынды алдап, заңсыз онлайн несие рәсімдеген азаматшаны қала аумағынан ұстап, басқармаға жеткізген.
Ол 31 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Тергеу барысында белгілі болғандай, ұсталған күдікті иемденген қаражатты өзінің бас пайдасы үшін жұмсап жіберген. Шымкенттік полицейлер тексеру барысында ұсталған тұрғынның бұдан өзге жеті адамның атынан шағын несие ұйымынан онлайн несие рәсімдегенін анықтады. Келтірілген шығын көлемі бір млн теңгені құраған. Яғни, оларға да мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмек шығарып беремін деп сендірген. Өз кезегінде арызданушылар күдіктіге жеке дербес мәліметтерін жолдаған. Қазіргі таңда оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.