Шымкенттік полицейлердің қылмыстық істерді ойдан шығарып отырғандығы анықталды

0
1 581

Бірнеше жалған қылмыстық істерді тіркеп отырған.


Шымкенттік полицейлердің қылмыстық істерді ойдан шығарып отырғандығы анықталды

Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметкерлері 232 қылмыстық істерді ойдан шығарған. Статистикалық көрсеткіштерін жоғарылату мақсатында ҚР ҚК нің 297 бабының 1-ші бөлігімен, яғни "Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу" бойынша жалған қылмыстық істерді тіркеп жүрген, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Сонымен қатар, есептік мерзімі аяқталған соң қылмыстық құрамның болмауына байланысты істерді қысқартып отырған.

Бұл туралы Шымкент қаласы прокуратурасы мәлімдеді.

Шымкент қалалық прокуратурасында құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдары басшыларының қатысуымен есірткі мен психотропты заттардың заңсыз айналымымен күрес және жер заңнамасының сақталуы бойынша алқа мәжілісі өтті.

"171 қылмыстық іс бойынша айғақ заттарды тәркілеу, тіркеу, сақтау, беру мен оларды жою туралы ереженің талаптарын бұза отырып жойылуға жататын есірткі заттарының заңсыз сақталған. Тек қала прокуратурасының тікелей араласуымен Полиция департаменті сақтауда тұрған 13 кг. есірткі заттарын жойды," - деп мәлімдеді Шымкент қалалық прокуратурасы.

Сонымен бірге мәжілісте жергілікті атқарушы органдар тарапынан жер заңнамасының сақталуы талқыланды.Мәселен, 2018 жылы қала бойынша 1843 (13,5 мың га.), ал 2019 жылы 2524 игерілмеген жер телімі анықталғаны (14,5 мың га.) аталды.

Бүгінгі таңда құны 2,7 млрд. теңге, көлемі 616 гектар тұратын 468 жертелімі (419 - кәсіпкерлік, 49 - ауыл шаруашылық мақсатында) мемлекет пайдасына қайтарылыпты. Жалпы құны 2,4 млрд. теңге болатын, көлемі 6 мың гектарды құрайтын 628 жер телімінің игерілуі прокуратураның араласуынан соң басталған.