Оның фотосуреті Франция, Қытай, АҚШ, Жапония елдерінде көрмеге қойылған.
Фотосуреттер мен видео кейіпкердің жеке мұрағатынан
Қазіргі таңда көкпар тартып, аттың құлағында ойнайтын жігіттердің өзі кем де кем. Ал арамызда жігіттермен иық тіресіп, ат жалын тартып мінген арулар да жоқ емес. Соның бірі – шымкенттік ару Балнұр Сыдық.
Бүгінде оның фотосын Франция, Қытай, АҚШ, Жапония жұртшылығы көріп таңдай қағып, тамсанып жүр. Сол кездегі 18 жасар аруды «Қыз қуу» сайысында белгісіз бір фотограф суретке түсіріп алған. Бүрмелі көйлек, үкілі бөрік киіп атқа қонған қазақ қызының суреті көрмеге қойылғанда көпті қызықтырған. Солай ат үстіндегі арудың суреті шартарапты шарлап, «Қазақ қызы қандай әдемі» деген әсер қалдырған.
Арада 4 жыл өтсе де сол қалпынан айнымаған Балнұр Сыдықпен ERNUR.KZ сайтының тілшісі тілдесіп қайтты.
Ат десе ішкен асын жерген қоятын ару бұл іспен бала күннен айналысып келгенін айтады. Оның ата-анасы Шымкент қаласындағы ипподромда жылқы баптаумен айналысады. Әкесі ат суытып, бәйгеге тұлпар дайындайды. Қанмен берілген жылқыға деген қызығушылық Балнұрдың бұл күндегі басты табыс көзі. Ол қазір «Шымкент-Циркте» өнер көрсетеді.
Сырт келбетіне қарап оны ат құлағында ойнайды деп ойламайсыз. Ал манежде жылқыны ерттеп мініп, ұлттық киіммен шыққанда көз алдыңызға рухты да қайсар ханшайым шыға келгендей әсер қалдырады. Аттың үстінде отырып небір қызықты да қауіпті, түрлі трюктерді көрсеткенде «Қандай ғажап!» деп қайран қалдырады. Көрерменнің көңілінен шығу үшін көптің қолынан келмейтін қадамға баратын батыл қыз өз жұмысын ерекше жақсы көретінін айтады.
-Мен ес білгелі жылқының жанында жүрдім. 11 жасымнан бастап Ұлттық спорт мектебінің ат спорты секциясына қатыстым. Онда аттың үстінде еркін болуды, секіруді меңгердім. Сонда жүріп ұлттық спорт түрлеріне қатыстым. 4 жылдан бері «Шымкент-Циркте» жұмыс істеймін. Манеждің ортасында, аттың үстінде жүріп түрлі трюктерді көрсету маған ерекше шабыт береді. Жалпы жылқы жануарымен жұмыс істеу оңай емес. Оған ең алдымен ниет керек. Сосын сәйгүлікпен сырласып, оның тілін таба білуің керек. Еркін, ерекше өнер көрсету үшін денең дайын болуы керек. Ол да дайындықпен келеді. Ең бастысы, үйренемін деген ниетің болса, бәрін үйренуге болады, - дейді батыр да батыл қыз.
Циркте өнер көрсететін әртістердің сөзінше көп адам бұндағы қиындыққа шыдамай кетіп қалатын көрінеді. Бастапқыда үйренемін дегенше дене жарақаттарын аласың. Жылқының жанында жүрген соң тістеп алу, басып кету сынды жағдайлар болып тұрады. Оның орны көгеріп, қайта жазылады. Ал аяқ-қол шығып, қатты ауырсыну сияқты жағдайлар Балнұрда кездеспеген.
Бала кезінен жылқыны жанындай жақсы көрген бойжеткен ЖОО-да «Педагогика-психология» бойынша білім алған. Ал ат үстіндегі бұрымды бүгінгі таңда бұл бағытта жұмыс істегісі келмейді. Болашағын да сәйгүліксіз елестете алмайтын сұлу өзінің жеке жылқы баптайтын фермам болса деп армандайды.
- Менің арманым - осы ат спортын дамыту. Себебі мен жылқысыз өмір сүре алмаймын. Алла қаласа, 5 жылдың ішінде өзімнің жеке спорт мектебімді ашсам деймін. Осы Шымкент қаласында атқа қызығатын кішкентай балалар өте көп. Соларды үйрететін, ат спортына баулитын бір орталығым болса... Кішігірім спорт алаңымда асыл тұқымды тұлпарлар алып, күтіп-баптап қарасам. Қазіргі таңда қолымда бір құлын, бір тайым бар. Болашақта олардың саны артады деген сенімдемін, - дейді алдағы жоспарларымен бөліскен Балнұр.
Ат құлағында ойнап, жалын тартқан арумен сөйлесе келе әлем қызыққан суреттің шығу тарихы туралы сұрап алдық.
- Ол осыдан 4 жыл бұрын Шымкенттегі ипподромда өткен Наурыз мерекесінде «Қыз қуу» сайысында түсірілген сурет болатын. Сол кезде ұлттық ойынға шығуға дайындалып тұрған бізге бір фотограф келіп, суретке түсіріп алғысы келетінін айтты. Біз келісіп, суретке түстік. Ол кезде бұлай тарап кетеді деп те ойламадым. Кейіннен Мақсат деген фотограф ағам келіп, менің суреттерімнің көрмелерге қойылып, көпті қызықтырып жүргенін айтты. Ол сурет өзіме де қатты ұнады. Сосын ол фотографтың Тұрар Қазанғап екенін білдім. Тұрар ағамен ара-тұра хабарласып тұрамын. Жақында ғана өзі келіп, «суретіңді өзіңе табыстайын» деп қолыма ұстаты. Ол сурет Қытай, АҚШ, Франция қалаларындағы көрмелерге қойылып, көпшілікті қызықтырған екен. Тұрар аға "сен туралы жазсақ, көп қызығып оқитын еді" деп тағы біраз ақпарат алып кетті. Ол кезде біз үйдегі аттармен бірге фотосессия жасадық. Ендігіде сол суреттерін шығаратынын айтты. Ал алғашқы тарап кеткен сурет әлі де көп адамның телефонында жүр, - дейді әлем таныған ару.
Қазақ қызы - сан мыңдаған жырлар мен өлеңдерге арқау болған шоқтығы биік тақырып. Сол тақырыптың бір тарауы - бүгінгі кейіпкеріміз болған Балнұр Сыдық. Ол сиқырлы сұлулығымен, тұлпарды бағындыра білген батылдығымен, көзге түскен. Талай жұртты таңдай қақтырған бір ғана суреті бүкіл әлемге Қазақ қызының бейнесін тағы бір паш еткендей.
Назерке БИМАХАН,