Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы Шымкент қалалық филиалының өкілдері мәлімдеді.
Шымкенттіктер жүргізуші куәлігін онлайн ауыстыра алады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы Шымкент қалалық филиалының өкілдері мәлімдеді.
Ол үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына барудың қажеті жоқ. Бұл қызметті eGov.kz порталы арқылы онлайн жасауға, сондай-ақ, банктердің мобильді қосымшалары арқылы ауыстыра алатынын естеріңізге саламыз.
– Жүргізуші куәлігін кез келген уақытта eGov.kz порталы және Kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы ауыстыруға болады. Бұл әдіс ұзын-сонар кезекте тұру мәжбүрлігінен құтқарып қана қоймай, уақытты үнемдеуге де мүмкіндік береді, - делінген баспасөз хабарламасында.
Жүргізуші куәлігін онлайн тәртіпте ауыстыру қызметін алу оңай әрі жылдам. Алдымен еgov.kz порталына немесе банк қосымшасына кіріп, өтінішті толтыру қажет. Ары қарай керекті автоХҚО-ны таңдап, электронды цифрлық қолтаңбамен өтінішті растау қажет. Өтінішпен қоса фотосурет және қойған қолының скан-суреті де жолданады. SMS хабарлама келген соң таңдаған автоХҚО-ға барып, дайын жүргізуші куәлігін алып кетуге болады.
Егер жүргізуші куәлігіңіздің мерзімі өтіп кетсе, психиатрлық және наркологиялық диспансерден анықтама, 073-нысандағы медициналық анықтаманы ұсыну қажет.
Айта кетейік, шетел азаматтары шымкенттік хқо-ға кезекті онлайн брондай алады.
Шетел азаматтарына ЖСН алу үшін ХҚО-ға қайта жүгінудің қажеті жоқ. Дайын құжат шетел азаматының өтініште көрсетілген қазақстандық ұялы телефон нөміріне SMS арқылы жіберіледі. Нөмірді төлқұжат ұсына отырып сатып ала алады. Қазір бұл қызметті eGovKzBot2.0. телеграм-боты арқылы, ұялы телефонмен алуға болады. ХҚО-ға кезекті брондау үшін пайдаланушы мәзірден «ХҚО-ға кезекті брондау» қызметін таңдайды.
Яғни, онлайн брондаудың негізгі шарты – қазақстандық ұялы байланыс операторы нөмірінің болуы.